Алматыда «Медиа мәтінді талдау әдістері» атты кітап жарық көрді

02.10.2026 20:55

Автор әр тұжырымды негіздеу үшін 120 ғылыми дереккөзді пайдаланған

Алматыда белгілі медиа зерттеуші, журналист, профессор Есенгүл Кәпқызының «Медиа мәтінді талдау әдістері» атты кітабы жарық көрді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ғылыми еңбекте бұқаралық ақпарат құралдарындағы мәтіндерді зерттеу мен талдаудың негізгі тәсілдері жан-жақты түсіндірілген.

Автордың айтуынша, кітап бірнеше жылдық зерттеу мен практикалық тәжірибенің нәтижесінде жазылған. Монографияда медианы зерттеу тарихы мен осы бағыттағы ғалымдардың еңбектері қамтылған. Сонымен қатар қазақ тілінде әлі толық қалыптасып үлгермеген ғылыми терминдерге арналған сөздік берілген.

Еңбекте сандық және сапалық талдаудың айырмашылығы, іріктеме жасау, ғылыми әдебиеттерді пайдалану мен рәсімдеу, сондай-ақ кодтау техникасы егжей-тегжейлі түсіндірілген. Әдістер отандық БАҚ пен әлеуметтік желілерден алынған нақты мысалдар арқылы көрсетілген. Автор әр тұжырымды негіздеу үшін 120 ғылыми дереккөзді пайдаланған.

– Зерттеу тақырыбын қалай таңдау керек, одан кейін зерттеу сауалдарын қалай құрастырамыз, айнымалылар мен іріктемені қалай анықтаймыз, зерттеудің құрылымы қандай болуы керек – осы мәселелерге бірінші тарауда егжей-тегжейлі тоқталдық. Мұндай кітаптар орыс және ағылшын тілдерінде бар, бірақ қазақ тілінде жоқ. Сондықтан осы олқылықтың орнын толтыруды мақсат еттім. Бұл – бастамасы ғана, – деді SDU университетінің қауымдастырылған профессоры, медиа зерттеуші Есенгүл Кәпқызы.

– Бұл – жас ғалымдар, магистранттар мен докторанттарға арналған маңызды ғылыми еңбек. Кітаптан медиа және журналистика саласындағы зерттеуді қалай жүргізу керек, неден бастау қажет, қандай әдістерді қолдануға болады деген сұрақтарға жауап табуға болады, – деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінің профессор-зерттеушісі Қарлыға Мысаева.

Толық көрсету