Бес мекеме лицензиясыз жұмыс істеген
Алматыда медициналық қызмет сапасына қатысты шағымдар азайғанымен, бақылау шаралары еселеп күшейді. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында анықталған заңбұзушылықтар үшін медициналық мекемелерге 18 миллион теңгеден астам айыппұл салынды, — деп хабарлайды Almaty.tv.
Әсіресе, стоматология саласындағы тексеріс нәтижелері көңіл көншітпейді: қалада 18 лицензияның қолданысы тоқтатылды. Тұрғындар тарапынан түсетін шағымдардың басым бөлігі дәрігерлердің кәсіби этикасы мен медициналық қызметтің дұрыс ұйымдастырылмауына қатысты болып отыр.
Осыған байланысты жауапты органдар жүйелі бақылау мен дәрі-дәрмектерді цифрлық таңбалау ісін қатаң қолға алды. ҚР ДСМ Алматы қаласы бойынша Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаментінің басшысы Дамир Дәулетбаев анықталған заңсыздықтарды тізіп берді:
«Тексеріс барысында 5 мекеменің тиісті лицензиясыз жұмыс істегені анықталды. Одан бөлек, кейбір стоматолог-дәрігерлердің рұқсат қағаздары болмаған. Сондай-ақ, қолданыстағы медициналық құрал-саймандар мен дәрі-дәрмектердің мемлекеттік тіркеуден өтпегені белгілі болды. Осы олқылықтардың барлығына қатысты тиісті айыппұлдар салынды», — деді Дамир Дәулетбаев.
Мамандардың айтуынша, бұл шаралар медициналық мекемелердің жауапкершілігін арттырып, халыққа көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға бағытталған. Қазіргі таңда қала бойынша медициналық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда.
Оқи отырыңыз: Қазақстанның агросекторына ЖИ мен цифрлық платформалар енгізілуде