Қаладағы 225 білім ордасында 17 мың 570 бейнекамера бар
Алматыда балалар қауіпсіздігін күшейту мақсатында мектеп камераларына жасанды интеллект жүйесін енгізу көзделіп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Пилоттық жоба арқылы төбелес, буллинг немесе оқушылар арасындағы өзге де күмәнді әрекеттер автоматты түрде анықталып, ақпарат бірден білім ордасының басшылығына және Полиция департаментіне жолданады. Құзырлы орган өкілдерінің айтуынша, бұл жүйе мектептердегі тәртіпті бақылап, кәмелетке толмағандар арасындағы бұзақылықтың алдын алуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, қазір қаладағы 225 білім ордасында 17 мың 570 бейнекамера бар. Әзірге соның бесеуіне ғана жасанды интеллект енгізілген. Бұдан бөлек, түнгі клуб, бар және осыған ұқсас орындарда 18 жасқа толмағандарды автоматты түрде анықтайтын камералар да жұмыс істеп тұр.
«Түнгі клуб, мейрамхана дейміз қылмыстың көп болатын және спирттік алкогольдік өнімдер сатылатын жерлерде 20 бейнебақылаудан жасанды интеллект арқылы уақытылы сигнал келіп отырады. Соған сәйкес, полиция қызметкерлерін жіберіп, жасөспірімдерге немесе ата-аналарға, басқармаға жеткізіп шара қолданамыз», – деді Полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаев.
Қалалық ата-аналар жиналысында тәртіп сақшылары бала тәрбиесі ең алдымен отбасынан басталатынын атап өтті. Бұл ретте жасөспірімдердің санасына ерте бастан «Заң мен Тәртіп» қағидатын сіңіру маңызды екені айтылды. Бұдан бөлек, жиында кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс, киберқауіпсіздік, жолдағы тәртіп және әлеуметтік желідегі қауіпті контенттің ықпалы жан-жақты талқыланды. Ата-аналар да бақылауды күшейту қажет екенін айтып, ұсынысын ортаға салды.
«Менің ұлым 7-сыныпта және 1-сыныпта оқиды. Бізде ата-ананың қадағалап отыратын қосымша бар. Мектепте «Бір апта телефонсыз» деген конкурс болды. Сол конкурсқа да баламызды қатыстырдық. Енді болашақта да ондай телефонсыз бір апта деген сабақтар жүргізіліп тұруын қалаймыз», – деді ата-ана Әдемі Елшібаева
Оқи отырыңыз: Қаладағы заң: Алматыда құқықтық квест-марафоны басталды