Бастама Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған
Алматыда қазақ балалар әдебиетінің асқақ туындысы «Менің атым Қожа» повесінің желісімен жаңа комикс жарық көрді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Туындыны Шоқан Уәлиханов атындағы жекеменшік мектептің 11-сынып оқушысы Талшын Дүйсенхан дайындаған. 66 беттен тұратын бұл кітаптың иллюстрацияларын үш ай бойы «КомиксЛаб» шығармашылық тобы бейнелеп шыққан. Қазір еңбек үш тілге аударылып, тұсаукесері сән-салтанатпен өтті.
Жиында медиаменеджер, журналист Серік Әбікенұлы мен белгілі филолог, абайтанушы Базарбек Атығай және белгілі журналист, «Шалқар» радиосының директоры Болатбек Төлепберген жаңа туындының лентасын қиып, туынды авторына жүрекжарды баталарын берді.
Айта кетейік, Талшын Дүйсенхан бастаманы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойына арнаған.
«Жоба оңай болған жоқ. Бүкіл диалогтарды қысқартуға тура келді. Өзім кейбір жерде қосқан сәттерім болды. Менде жоба көп. Комикстерді көбірек жасасақ деген ізгі ниет бар. Бұл ағылшын тіліне аударылған. Арманым – классикалық әдебиет шығармаларын өзге елге таныту», – деді Ш. Уәлиханов атындағы жекеменшік мектептің оқушысы Талшын Дүйсенхан.
Оқи отырыңыз: Қала келбеті: Алматыдағы зауытта күніне 1400 тонна тұрмыстық зат сұрыпталады