Алматыда мереке алдындағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді

27.11.2025 16:13

Балалар арасындағы профилактикалық жұмыс ерекше назарда

polisia.kz

Алматыда полиция мереке алдындағы кезеңде пиротехника айналымындағы қауіпсіздік шараларын күшейтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Алматы қаласында полиция азаматтардың, әсіресе кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігіне қатер төндіретін контрафакт пиротехникалық өнімдерді анықтау және тәркілеу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде.

Қаланың базарлары мен сауда нүктелерінде жарақаттанудың алдын алуға бағытталған рейдтік және профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылды. Ережені бұзған тұлғалар жауапкершілікке тартылып, заңсыз өнімдер тәркіленуде.

Балалар арасындағы профилактикалық жұмыс ерекше назарда. Білім беру ұйымдарымен бірлесіп, пиротехниканы қауіпсіз қолдану жөнінде дәрістер мен түсіндірме кездесулер өткізілуде.

– Профилактика жылы аясында және жаңажылдық мерекелер қарсаңында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында пиротехникалық бұйымдардың айналымына бақылау күшейтілді. Білім беру ұйымдарымен бірлесіп, қауіпсіздік ережелерін түсіндіреміз, арнайы дүкеннен тыс жерлерден пиротехника сатып алудың қауіптілігін ескертеміз. Полиция, мемлекеттік органдар және азаматтардың бірігіп әрекет еткенде ғана мерекені жазатайым оқиғасыз өткізіп, балаларымыздың денсаулығын қорғай аламыз, – деді Алматы қаласы полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Асхат Құлбаев.

Полиция азаматтарды пиротехникалық бұйымдарды тек арнайы лицензияланған дүкендерден сатып алуға және оларды қолдану тәртібін қатаң сақтауға шақырады.

Оқи отырыңыз: СҚО-да жеке үй өртеніп, әйел адам қаза болды