Полицияның саптық бөлімшелерінің жалпы таралымы ұйымдастырылды
Алматыда мереке қарсаңында патрульдік полиция экипаждарының саны артты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Алматы қаласында полицияның саптық бөлімшелерінің жалпы таралымы ұйымдастырылды. Айта кетейік, алдағы жаңа жылдық және мерекелік іс-шараларға байланысты мегаполисте қызмет атқарудың күшейтілген режимі енгізілген.
Алматы қаласы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Шумаевтың айтуынша, бұл кезеңде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен құқық бұзушылықтардың алдын алуға ерекше көңіл бөлініп отыр.
– Біздің күштеріміз жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қоғамдық тәртіпті сақтауға және жаңа жылдық, корпоративтік іс-шаралар кезінде құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. Негізгі магистральдарда, адамдар көп жиналатын демалыс орындарында және мерекелік іс-шаралар өтетін аумақтарда патрульдеу күшейтілді. Басты міндет – мегаполис тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігі, – деді Серік Шумаев.
Сонымен қатар басқарма бастығы жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және көлік құралын мас күйінде басқарудан бас тартуға шақырды.
– Естеріңізде болсын, жолдағы әрбір жауапкершілік өмір мен қауіпсіздікке тікелей әсер етеді, – деп атап өтті ол.
Полиция мереке күндері тәулік бойы қызмет атқаруды жалғастырады. Құқық бұзушылықтардың алдын алу және ықтимал оқиғаларға жедел әрекет ету үшін қосымша патрульдік экипаждар жұмылдырылды. Бұл шаралар мерекелік күндердің тыныш әрі қауіпсіз өтуіне бағытталған.
Оқи отырыңыз: Президент Жамбыл облысындағы фармацевтикалық кәсіпорындар қызметімен танысты