Прокуратура заңнаманың біркелкі қолданылуын қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастырып жатыр
Алматы қаласының прокуратурасы мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау бағытында бірқатар шара қабылдады, деп хабарлайды Almaty.tv.
2024 жылғы 24 шілдеде Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Салық кодексінің 616-бабына қатысты норманы Конституцияға сәйкес емес деп таныды. Бұл өзгеріс мемлекеттік баж төлеу мәселесіне қатысты.
Аталған бапқа сәйкес, мүгедектігі бар азаматтар соттағы барлық істер мен құжаттар бойынша, соның ішінде жауапкер болған жағдайда да, мемлекеттік баж төлеуден босатылады.
Мемлекет өз кезегінде әлеуметтік теңсіздікті азайту және мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау бойынша міндеттемелер алған.
Алайда Алматы қаласының прокуратурасы 2025 жылғы сот тәжірибесіне жүргізілген талдау барысында кейбір жағдайда мүгедектігі бар адамдардан мемлекеттік баж өндірілгенін анықтады.
"Осыған байланысты қала прокуратурасының тапсырмасымен аудан прокурорлары сот актілерін заң талаптарына сәйкестендіру және азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру мақсатында 27 апелляциялық өтінішхат енгізді.
Қазіргі уақытта олардың үшеуі қанағаттандырылып, сот шешімдері өзгертілді. Нәтижесінде мүгедектігі бар азаматтар мемлекеттік баж төлеуден босатылды. Қалған өтінішхаттар сот қарауында", - делінген қалалық прокуратура хабарламасында.
Прокуратура заңнаманың біркелкі қолданылуын қамтамасыз ету және азаматтардың әлеуметтік кепілдіктерін қорғау бағытындағы жұмысты жалғастырып жатыр.
Ведомство бұл шаралар халықтың әлеуметтік осал топтарының құқықтарын қорғауға бағытталғанын атап өтті. Осыған байланысты ақпарат мүгедектігі бар азаматтарға, олардың қорғаушылары мен заңды өкілдеріне жеткізіледі.
Оқи отырыңыз: Алатау қаласы ерекше мәртебеге ие болады