Алматыда Омарғазы Айтанұлының бес томдық шығармалар жинағының тұсауы кесілді
Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын, жазушы әрі драматург Омарғазы Айтанұлының шығармашылық мұрасы бес томдық жинақ болып жарық көрді. Алматыдағы Ұлттық кітапханада өткен тұсаукесер рәсіміне қаламгерлер, әдебиеттанушылар мен зиялы қауым өкілдері қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жинаққа қаламгердің әдеби мұрасы топтастырылған. Басты мақсат – қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған көрнекті тұлғаның шығармаларын кеңінен насихаттап, кейінгі ұрпаққа жеткізу. Іс-шараға қатысушылар бес томдықтың жарық көруі қаламгер мұрасын қайта зерделеп, оқырманға кеңінен таныстыруға мүмкіндік беретін маңызды қадам екенін атап өтті.
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Мұрат Шаймаранның айтуынша, Омарғазы Айтанұлы қазақ поэзиясына жаңа бағыт әкеліп, өткен ғасырдың 50–60-жылдарында модернистік ағымның қалыптасуына ықпал еткен қаламгерлердің бірі.
«Омарғазы Айтанұлы – қазақ әдебиетіне жаңашылдық әкелген қаламгерлердің бірі. Ол қазақ поэзиясына жаңа үрдіс енгізіп, 50–60-жылдардың өзінде модернистік бағыттың қалыптасуына жол ашты. Омарғазы Айтанұлы поэзиямен ғана шектелген жоқ. Оның «Таразы», «Аң шадырын оқ табар» атты белгілі екі романы да бар. Бұл шығармалар да жаңа модернистік бағытта жазылған», – деді халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Мұрат Шаймаран.
Бес томдық жинақтың жарық көруі – Омарғазы Айтанұлының шығармашылық мұрасын сақтап, оны жаңа буын оқырманға таныту жолындағы маңызды бастама.