Алматыда өткен спартакиадаға 300-ден астам медицина қызметкері қатысты

14.06.2026 10:56

Жеңімпаздар кубоктармен, медальдармен, дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды

Көрнекі фото: Аlmaty.tv

Алматы қаласында алдағы кәсіби мерекеге орай медицина қызметкерлерінің арасында алғаш рет Спартакиада ұйымдастырылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ауқымды спорттық іс-шараны Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы «Senim» және «Ақниет» кәсіподақтарының қолдауымен өткізді.

Қаланың спорттық-ойын-сауық кешенінде өткен жарысқа ауруханалар, емханалар, медициналық жоғары оқу орындары мен санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің атынан құралған 10 командадан 300-ден астам медицина қызметкері қатысты.

Қатысушылар шағын футбол, волейбол, шахмат, тоғызқұмалақ, үстел теннисі және бильярд спорт түрлері бойынша бақ сынасты.

Ашылу салтанатына Алматы қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Абдрахим мен Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов қатысты. Сондай-ақ қатысушыларға қолдау көрсетіп, сәттілік тілеуге танымал қазақстандық спортшылар Ислам Байрамуков пен Руслан Абдразақов келді.

Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар кубоктармен, медальдармен, дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Ұйымдастырушылар Спартакиаданың игі дәстүрге айналып, Алматының медицина қауымдастығын жыл сайын біріктіретін маңызды шара болатынына сенім білдірді.

Оқи отырыңыз: Алматыда 15-21 маусым аралығында ауа райы қандай болады