Оқу барысында практикалық бағытқа ерекше мән берілді
Алматыда полицейлер жасанды интеллект технологияларын меңгеруде, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Алматы қаласы полиция департаментінің басшылық және жеке құрамына заманауи жасанды интеллект технологияларын меңгеруге арналған екі күндік семинар-тренинг өткізілді.
Курс барысында қатысушылар жасанды интеллект негіздерімен, заманауи технологиялармен және олардың даму бағыттарымен танысып, ІІМ қызметінде, мемлекеттік органдар мен құқық қорғау саласында жасанды интеллектті қолдану мүмкіндіктерін қарастырды.
Оқу барысында практикалық бағытқа ерекше мән берілді. Қызметкерлер заманауи жасанды интеллект құралдарын және оларды қызметтік, талдамалық әрі басқарушылық міндеттерді шешуде пайдалану мүмкіндіктерін меңгерді. Қатысушылар практикалық және тактикалық кейстерді талдап, түрлі қызметтік жағдайларды модельдеді, сарапшыларға сұрақтар қойып, алған білімдерін іс жүзінде пысықтады.
— Бүгінде жасанды интеллект жай ғана заманауи технология емес, қызметтік жұмысты ұйымдастыру тәсілдерін едәуір өзгерте алатын тиімді құралға айналып келеді. Полиция үшін бұл, ең алдымен, үлкен көлемдегі ақпаратты жедел талдауға, басқарушылық шешімдердің сапасын арттыруға және жұмыс процестерін оңтайландыруға мүмкіндік береді. Сондықтан біздің міндетіміз – қызметкерлерді жасанды интеллект мүмкіндіктерімен таныстыру ғана емес, сонымен қатар бұл технологияларды сауатты әрі жауапкершілікпен, ішкі істер органдары қызметінің ерекшеліктерін ескере отырып қолдануға үйрету, – деді Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Айдын Кабдулдинов.
Оқу бағдарламасының жеке бөлігі жасанды интеллектті талдамалық және басқарушылық міндеттерді шешуде практикалық қолдану мәселелеріне арналды. Жекелеген процестерді автоматтандыру, ақпаратты дайындау және талдау, деректермен жұмыс істеу, сондай-ақ түрлі қызметтік жағдайларда тиімді шешімдер іздеу мүмкіндіктері қарастырылды. Мұндай оқыту ішкі істер органдары қызметкерлерінің кәсіби даярлығын жетілдірудегі жаңа кезеңнің бірі болып отыр. Себебі цифрлық құзыреттер мен заманауи технологияларды тиімді пайдалану дағдылары қызметтік жұмыстың күнделікті бөлігіне біртіндеп айналуда.
Екі күндік оқу қорытындысы бойынша қатысушыларға курстан өткенін растайтын сертификаттар табысталды.
Оқи отырыңыз: «Қазақстан Барысы – 2026» жеңімпазы анықталды