Алматыда Президент Жолдауының басым бағыттары талқыланды

03.11.2026 18:56

Жиында құқықтық реформалар мен білім беру саласын дамыту мәселелері де көтерілді

Алматыда Президент Жолдауының басым бағыттары талқыланды. Түрлі сала мамандары бас қосқан жиында әлеуметтік міндеттерді іске асыруға басымдық беріліп, «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында мектеп, аурухана, жол және инженерлік желілерді сапалы жаңғырту жайы сөз болды, деп хабарлайды Almaty.tv. 

Бұл бағытта қаржының тиімді игерілуі мен жол сапасын цифрлық бақылаудың маңыздылығы айтылды. Жиынға қатысушылар реформаның басты нәтижесі азаматтардың тұрмыс сапасының жақсаруымен өлшенуі тиіс екенін айтты.

«Жолдаудың ең басым әрі өзекті бағыты –  экономикалық процестер, экономика бір орында тұрған жоқ. Бастамалар азаматтық қоғам мен бірден халықтың өмірінен көрінуі керек, әлеуметтік жағдай жақсаратын болса, қарапайым халықтың жағдайынан көрініп тұруы қажет», – деді тарихшы, саясаттанушы Жомарт Симтиков.

Жиында құқықтық реформалар мен білім беру саласын дамыту мәселелері де көтерілді. Заңгерлер цифрлық экономика мен онлайн-сауданың дамуына байланысты Азаматтық кодексті жаңартып, меншік құқығы мен электрондық мәмілелер қауіпсіздігін күшейтуді ұсынды.

Сонымен қатар оқу үдерісіне жасанды интеллектіні енгізу мәселесі сөз болды.

«2026 жыл Жасанды интеллект және цифрландыру жылы деп жарияланды. Бүгінде цифрлық технология тұрмысымыздың ажырамас бөлігіне айналды. Десе де, басты мақсат – құр технология енгізу емес, оны экономика мен мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыратын негізгі құрал ретінде пайдалану», – деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кафедрасының профессоры Алуа Ибраева.

 Оқи отырыңыз: Балалар құқығын қорғау, қала құрылысына бақылау және қоғамдық көлік: Алматы әкімінің кеңесінде қандай мәселелер талқыланды

Толық көрсету