Жолдау-2026: Қазақстанда 77 мыңнан астам учаскелік медицина қызметкерінің жалақысы өседі

03.11.2026 19:13

Президент Жолдауында халық санының өсуіне сай ана мен балаға медициналық көмек көрсететін мекемелерді де көбейту мәселесі айтылды

Almaty.tv

Қазақстанда 77 мыңнан астам учаскелік медицина қызметкерінің жалақысы өседі. Президент халыққа Жолдауында Үкіметке олардың еңбекақысын келер жылдан бастап 40 пайызға дейін көтеруді тапсырды, деп хабарлайды Almaty.tv. 

Жалақының қаншаға өсетіні әр маманның үздіксіз еңбек өтіліне байланысты. Мемлекет басшысы жалпы практика дәрігерлерінің өкілеттігін кеңейтіп, алғашқы медициналық-санитариялық көмекке бөлінетін қаржыны біртіндеп ұлғайту қажет екенін де айтты.

«Дәрігерлердің жалақысын көтергеннен кейін, халыққа білімді, денсаулығына жауапты мамандар бір жерде отырып, қызмет атқарады деп сенім білдіре аламыз», – деді Ұлттық ғылыми фтизиопульмонология орталығының бөлім меңгерушісі Сағит Бектасов.

Қазақстанда жыл сайын 330 мыңнан астам сәби дүниеге келеді. Президент Жолдауында халық санының өсуіне сай ана мен балаға медициналық көмек көрсететін мекемелерді де көбейту мәселесі айтылды. Алғашқы кезеңде ел аумағында сегіз перинаталдық орталық салу жоспарланған. Ал Алматыда және тағы 6 қалада көпбейінді балалар ауруханалары бой көтермек.

«Жолдауда осы бағытты дамыту үшін 8 перинаталдық орталық пен көпбейінді ауруханалар салу қажеттігі нақты атап өтілді. Бұл балаларды оңалту саласының дамуына да мүмкіндік береді. Сонымен қатар балаларымыздың сапалы, бейінді және мамандандырылған медициналық көмек алуына жол ашады», – деді ШҚО Фтизиопульмонология орталығының директоры Райфа Сафиоллинова.

Оқи отырыңыз: Алматыда Президент Жолдауының басым бағыттары талқыланды

 

 

 

 

Толық көрсету