Алматыда проактивті әлеуметтік сервистер кеңейтіледі

Almaty.tv
Almaty.tv

2025 жылы медициналық-әлеуметтік сараптамалардың шамамен 44%-ы сырттай, яғни, проактивті форматта жүргізілген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда әлеуметтік қызмет түрлері дами түседі. Ол үшін биыл проактивті сервистер кеңейтіліп, оңалту ісіне көңіл бөлініп, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға басымдық берілмек. Бұл туралы Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаментінің өкілдері айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Журналистерге 2025 жылдың қорытындысын айтып, 2026 жылдың жоспарын таныстырған сала қызметкерлері шаһарда 59 мыңнан аса мүгедектігі бар азаматтың тұратынын жеткізді. Бір жыл ішінде 24 мыңға жуық адамның медициналық-әлеуметтік сараптамадан өткенін хабарлады. Мамандардың сөзінше, жолдамалардың негізділігі мен іріктеудің сапасы да көңіл көншітеді.

«Алматыда еңбекке қабілетті азаматтардың арасында алғаш рет мүгедектік белгіленгендердің үлесі – 66,2 пайыз. 2023 жылы бұл көрсеткіш 71,8 процент болған. Яғни оң көрсеткіш байқалады деп айта аламыз. Себебі тұрғындар денсаулығына бей-жай қарамайды. Қажетті тексерістен өтіп тұрады», – деді Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаментінің басшысы Мұрат Мұратбеков.

Атап өткен жөн, 2025 жылы медициналық-әлеуметтік сараптамалардың шамамен 44%-ы сырттай, яғни, проактивті форматта жүргізілген. Бұл аталмыш қызмет түрінің қолжетімділігін арттырып, азаматтарға түсетін әкімшілік жүктемені азайтуға сеп болды.

«30 шақты шамадан аса нозология сырттай проактивті форматта жүреді. Оның ішінде қатерлі ісік, туберкулез аурулары, сонмен қатар, нерв жүйесінің аурулары бар. Жүріп-тұруы шектелген адамдар, жатып қалған адамдар, ауыр бірінші, екінші топтағы науқастар өатысты ақпарат», – деді Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаменті басшысының орынбасары Рима Ниязбекова.

Оқи отырыңыз: Жатыр мойны обырын ерте анықтауға бағытталған түсіндіру жұмыстары басталды

Новости партнеров