Алматыда сәуір айында жастарға арналған 42 жоба іске қосылады

Шаралар 700 мыңнан астам жас буын өкілдерін қамтып, олардың спорттық және шығармашылық әлеуетін ашуға бағытталған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда сәуір айында жастардың спортпен айналысып, шығармашылық қабілетін дамытуға және қоғамдық өмірге белсенді араласуына бағытталған бірқатар жоба бастау алады, - деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл туралы қалалық Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Қажденбек баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Негізгі жобалардың бірі — ұлттық спорт түрлеріне арналған YOUTH NOMADS фестивалі. Жоба ең алдымен NEET санатындағы жастарға бағытталған. Ұйымдастырушылар фестивальге шамамен 30 мыңға жуық қатысушы тартуды жоспарлап отыр. Бағдарлама аясында қазақша күрес, арқан тарту, қол күресі, асық ату және ләңгі ойындары бойынша жарыстар өтіп, жеңімпаздар 2,5 млн теңге жүлде қорын сарапқа салады.

«Қазіргі уақытта қала аумағында 40 базар жұмыс істейді. Сол 40-тан астам базарда 15 мың жас еліміздің дамуына, экономикасына өз үлесін қосып отыр. Бұл турнир еңбекқор жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіру мен ұлттық идеологияны насихаттау мақсатында жасалып жатқан бірегей жобалардың бірі болып табылады», – дейді ұлттық спорт жобасының жетекшісі Қадырбек Файзуллаев.

Сонымен қатар, қалада шығармашыл жастарға арналған Jas Gala фестивалі ұйымдастырылмақ. Іріктеу кезеңі 11-і мен 16-ншы сәуір аралығында вокал, хореография, мобилография, аспапта ойнау және актерлік шеберлік бағыттары бойынша өтеді. Бұл жоба студенттердің өзін-өзі танытуына мүмкіндік беретін алаңға айналмақ. Сондай-ақ, осы айда ALMA CUP 2026 студенттік турнирі өтеді. Оған 1000-нан астам студент пен 80-нен астам команда қатысады деп күтілуде.

Бүгінде Алматыда 14 пен 35 жас аралығындағы 712 мың 300 жас тұрады, бұл қала халқының 32 пайызын құрайды. Оларды қолдау үшін қазіргі таңда барлығы 42 жоба іске асырылуда.

«Көктем шығып, мүмкіндіктерді пайдаланатын, әлі студенттерде сессия басталмаған, жұмыс іздеп жүрген, өзін шығармашылық жағынан іздеп жүрген жастарға ол көктем — жаңарудың мезгілі, жақсы мүмкіндік беретін сәт. Сондықтан осы сәуір айында біз жастарды белсенді қатысуға, атсалысуға, мейлі ұйымдастырушы болсын, мейлі қатысушы ретінде болсын, белсенді болуға шақырамыз», – дейді Алматы қалалық Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Қажденбек.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда 303 зертхана жұмыс істеп тұр: ғылым мен бизнестің интеграциясы

Новости партнеров