Алматыда шетелдік студенттерге Қазақстанда болу қағидалары түсіндірілді

18.04.2026 10:48

Полиция мұндай кездесулердің профилактикалық маңызға ие екенін атап өтті

polisia.kz

С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде шетелдік студенттер арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу және құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында түсіндіру кездесуі өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Іс-шара барысында қатысушыларға Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасының талаптары, ел аумағында болу тәртібі және қолданыстағы заң нормалары кеңінен түсіндірілді. Әсіресе тіркеу мерзімін сақтамау, болу режимін бұзу және басқа да талаптарды орындамау үшін қарастырылған жауапкершілікке ерекше назар аударылды.

Полиция мұндай кездесулердің профилактикалық маңызға ие екенін атап өтті. Олар шетелдік азаматтардың құқықтық санасын қалыптастыруға және заңға бағынатын мінез-құлықты нығайтуға бағытталған.

— Біздің негізгі міндет – тек бақылау емес, сонымен қатар түсіндіру. Шетелдік студенттер Қазақстан заңдарын біліп, сақтауы, қабылдаушы елге құрметпен қарауы және өз жауапкершілігін сезінуі тиіс. Профилактика – құқық бұзушылықтың алдын алудың тиімді жолы, — деді Алматы қаласы ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы Еркін Амантаев.

Полиция департаментінде бұл бағыттағы жұмыс жалғасатыны, алдағы уақытта мұндай профилактикалық шаралар қаланың өзге оқу орындарында да өткізілетіні атап өтілді.

Оқи отырыңыз: Қазақстандық бітімгерлер БҰҰ миссиясына толық дайын