Түлектер ант беріп, әскери қызметке кірісті
Алматы қаласындағы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі академиясында 160-тан астам курсант әскери оқуын аяқтап, "лейтенант" шенін иеленді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Салтанатты іс-шара офицерлер вальсімен басталып, академия оркестрі патриоттық әндерді шырқады. Болашақ шекарашылар жауынгерлік ұрыс элементтерін көрсетіп, көрермен қошеметіне бөленді. Түлектер дипломдарын қолдарына алып, Отан алдында адал қызмет етуге ант берді.
«Бүгін бізде атаулы кеш. Жас түлектердің шекара академиясының қабырғасынан қоштасу күні. Біз осыдан төрт жыл бұрын берген әскери антымызға адал болып, халқымызға, президентімізге деген адалдыққа сызат түсірмеуіміз керек. Енді осы академия қабырғасында 4 жыл бойы оқыған білімімізді шалғайдағы шекара заставасында пайдаланып, ары қарай қызметімізді жалғастыруға серт етеміз. Және басқа да қарулас жолдастарыма алдағы уақытта денсаулық және амандық тілеймін», - деді ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара академиясының түлегі Бексұлтан Жарқынбекұлы.
Айта кетейік, биылғы түлектер қатарында Тәжікстан мен Қырғызстаннан келген 30-ға жуық шетелдік курсант бар екен. Олар оқуын аяқтап, өз елдеріне аттанды. Сонымен қатар 40-қа жуық магистрант шекара қызметіне кіріссе, 3 докторант ғылыми жұмысын сәтті қорғады. Бұл - шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ететін кәсіби мамандар даярлаудағы маңызды жетістік.
«Алдағы оқу жылында біз бірінші курсқа шамамен 350 студент қабылдауды жоспарлап отырмыз. Оларды да әскери іс пен қауіпсіздік саласының кәсіби мамандары етіп даярлаймыз. Ал Шекара академиясына келер болсақ, биыл бізге 95 жыл толады. Бұл -посткеңестік кеңістіктегі ең танымал әрі беделді оқу орындарының бірі. Бүгін ант қабылдаған курсанттарды шын жүректен құттықтаймын!» - деді ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара академиясының бастығы Павел Поливанов.
Оқи отырыңыз: Шымкенттік полицей әріптесін зорлады деген күдікке ілінді