Алматыда шетелдік жоғары оқу орнының ресми филиалы ашылды

16.05.2025 16:04

Түлектер қос диплом иегері атанады

Алматыда шетелдік жоғары оқу орнының ресми филиалы ашылды. Сәтбаев университетінің базасында Гонконгта беделді саналатын City University of Hong Kong жұмыс істейді. Салтанатты іс-шараға Алматы қаласы әкімінің орынбасары мен екі елдің университет басшылығы қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қаныш Сәтбаев ескерткішінің алдында өткен ашылу салтанаты академиктің рухына тағзым етіп, гүл шоғын қою рәсімімен басталды. Артынша Алматы қаласы әкімінің орынбасары құттықтау сөз сөйлеп, аталмыш жобаның ел болашағы үшін ерекше маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бұл серіктестік Қазақстан мен Гонконгтың білім беру саласындағы байланысын одан әрі нығайтуға сеп болмақ.

 «Бүгін тарихи дүние жасайын деп жатырмыз. Осы күнге топ-100 университеттермен келісім болмаған. Ол компьютер сайнс, құрылыс және архитектура, сосын материалтану мамандықтары бойынша қос дипломды phd бағдарламасын жүзеге асырамыз. Одан ары қарай мамандықтар тізімін көбейтеміз», – деді Қ. И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ проректоры Самғат Ермекбаев.

Ашылу салтанатынан кейін Сәтбаев университетінде екіжақты академиялық кездесу өтті. Жиын барысында жаңа филиалдың оқу форматы мен болашақтағы ғылыми бағыттары таныстырылды. Бағдарлама бойынша студенттер бакалавриаттың алғашқы екі жылын Алматыда, кейінгі екі жылын Гонконгта оқиды. Білім беру толығымен ағылшын тілінде жүргізіледі. Түлектер қос диплом иегері атанады.

«Сәтбаев университеті барлық талабымызға сәйкес келді. Инфрақұрылымы, ғылыми әлеуеті мен академиялық базасын жоғары бағалаймыз. Серіктестіктен үлкен үміт күтеміз. Бірлесе отырып, халықаралық деңгейде білім көкжиегіне шығамыз деген сенімдеміз», – деді City University of Hong Kong университетінің директорлар кеңесінің төрағасы Майкл Нгай.

Айта кетейік, City University of Hong Kong – әлемдік рейтингте жоғары тұрған, қарқынды дамып келе жатқан білім ордасы. Енді оның үздік білім беру тәжірибесі Алматыдағы жаңа филиал арқылы Қазақстан жастарына қолжетімді болады.

Мәди Мәлік, Рашиддин Якупов

Оқи отырыңыз: Педагог мәртебесін көтеру: Алматыда тың идеялар талқыланды