Мерейтой иесіне ерекше сый – музыкалық құттықтау болды
Алматы қаласы Наурызбай ауданының Қорғаныс істері жөніндегі басқармасының әскери қызметшілері Екінші дүниежүзілік соғысының ардагері Леонид Никитович Подколзинді 100 жылдық мерейтойымен құттықтады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қорғаныс министрлігінен хабарлағандай, ведомство атынан ардагерге зор денсаулық, амандық және ұзақ ғұмыр тілеген құттықтау хаты табысталды.
Мерейтой иесіне ерекше сый – музыкалық құттықтау болды. Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың Алматы филиалының әскери оркестрі ардагер үйінің алдында соғыс жылдарындағы әндерді орындады.
Леонид Подколзин Новосібір облысының Тула ауылында дүниеге келген. Екінші дүниежүзілік соғысы жылдарында Беларусь майданында артиллериялық бөлімше құрамында шайқасқан. Ерлігі мен батылдығы үшін II дәрежелі Отан соғысы орденімен, Георгий Жуков медалімен және басқа да наградалармен марапатталған.
Жеңістен кейін ардагер Кенигсбергте әскери қызметін жалғастырып, жас сарбаздарды даярлаумен айналысты. 1952 жылы Алматыға қоныс аударды. Мұнда ұзақ жылдар бойы теміржол саласында еңбек етіп, машинист көмекшісі, жүргізуші және депо шеберханасының басшысы қызметтерін атқарды.
Бүгінде ардагердің жанында балалары, немерелері мен шөберелері бар. Леонид Никитович соғыс туралы естеліктері мен өмір, Отан және адамзаттық құндылықтар жайлы толғаныстарын өлеңдері мен прозалық шығармаларында сақтап келеді.
Ардагердің 100 жылдық мерейтойы – ел тарихымен тығыз байланысты ғұмыр иесіне және Ұлы Жеңіске үлес қосқан аға буынға деген құрмет.
Оқи отырыңыз: Ақтөбеде биыл қызметтік иттердің көмегімен 160-тан аса қылмыс ашылды