Алматыда студенттерге арналған мамандықтар жәрмеңкесі өтті

10.04.2026 21:02

Іс-шараның басты мақсаты – жастарға болашақ мамандықтарын саналы түрде таңдауға бағыт-бағдар беру

Almaty.tv

Алматыда талапкерлер мен студенттерге арналған ауқымды мамандықтар жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Аталған іс-шараның басты мақсаты – жастарға болашақ мамандықтарын саналы түрде таңдауға бағыт-бағдар беру, сондай-ақ еңбек нарығындағы сұранысқа ие салалармен таныстыру. Қатысушылар көлік логистикасы, инженерия, ақпараттық технологиялар, экономика және өзге де заманауи бағыттар бойынша толық мәлімет алып, мамандардан кәсіби кеңес тыңдады.
Іс-шараға қатысқан ұйымдардың бірі – Жол активтері сапасының ұлттық орталығының Алматы қалалық филиалы. Филиал қызметкері Қалижан Серікұлы талапкерлерге жол сапасын бақылау саласының маңызы мен ерекшеліктерін түсіндірді. Оның айтуынша, бұл бағыт ел инфрақұрылымының дамуы мен халық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ерекше рөл атқарады.

«Жол сапасын бақылау – үлкен жауапкершілікті талап ететін сала. Себебі сапалы жол – қауіпсіз қозғалыстың кепілі. Бүгінде бұл бағытта заманауи технологиялар кеңінен қолданылып келеді. Жастар үшін бұл – тек тұрақты жұмыс емес, кәсіби тұрғыда өсіп, ел дамуына нақты үлес қосуға мүмкіндік беретін маңызды сала», – деді маман.

Жалпы, мамандықтар жәрмеңкесі жастар үшін пайдалы ақпарат алаңы ғана емес, сонымен қатар болашақ кәсіби жолын айқындауға ықпал ететін маңызды кездесу алаңына айналды.

Оқи отырыңыз: Ертеңіңді ойласаң, ғылымға инвестицияны аяма - Мақсат Жақау