Алматыда «Тәлімгерлер аллеясы» ашылды

06.04.2026 15:53

Алматының барлық ауданында жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылды

Алматының барлық ауданында жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылды. Тазалық жұмыстарына шаһар басшысы Дархан Сатыбалды қатысты. Әкім қала тұрғындарымен бірге Алатау ауданындағы Ботакөз шағынауданында ағаш екті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматыда демалыс күндері жалпықалалық сенбілік өтті. Еріктілер мен түрлі ұйымдардың өкілдері саябақтарды, аулаларды және жағалау аймақтарын тазалады. Тазалық жұмыстарына шаһар басшысы Дархан Сатыбалды да қатысты. Әкім қала тұрғындарымен бірге Алатау ауданындағы Ботакөз шағынауданында ағаш екті. Жастар да бұл бастамаға белсенді атсалыст

«Таза Қазақстан» аясындағы жалпықалалық сенбілікке белсенді жастар болып қатысудамыз. Басты мақсатымыз - тазалық әрқайсымыздан  басталатын жауапкершілік екенін түсіндіру. Ортамызға, айналамызға жауапкершілікпен қарайтын болсақ, қала тазарады», –  деді белсенді жас Айбек Бекрікболұлы.

Сондай-ақ Алматыда «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында «Тамырлас: ұрпақтар сабақтастығы» жобасы басталды. Ауқымды экологиялық бастамаға 5 мыңнан астам мұғалім, тәрбиеші және оқушы белсене қатысты. Жобаның басты оқиғасы Инновациялық шығармашылық орталығы аумағында «Тәлімгерлер аллеясының» негізін қалау болды. Жас педагогтар мен оқушыларға тәжірибелі сала ардагерлері мен Еңбек ерлері қолдау білдіріп, бірге ағаш екті.

«Президенттің көтеріп отырған адал азамат, патриоттарды тәрбиелеуде осындай іс-шараның әсері бар. Ағаштар отырғызылды. Шәкірттер соны көріп, суын құйып, ардагер апаларымен бірге үлесін қосып жатыр. Осының барлығы – игі іс», – деді ҚР Еңбек ері Аягүл Миразова.

Арнайы тақтайшадағы QR-кодтар арқылы келушілер құрметті ұстаздардың өмір жолымен танысып, олардың келер ұрпаққа арнаған тағылымды тілегін оқи алады.  Тазалық шарасы аясында Алматыда журналистердің жаңа аллеясы ашылды. Оған БАҚ өкілі мен блогерлер қатысып, ағаш егіп, аумақты тазалау жұмыстарына атсалысты.

«Осы жүргізіліп жатқан іс бір-бірімізге жақындастырады. Бірлігімізді бекемдейтін, еңбекке баулитын дүние. Екіншіден, бұл – мемлекет басшысының саясатын жүзеге асыру», – деді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Асылы Осман.

Алматының 20-ға жуық аумағында өткен тазалық және көркейту жұмыстарына шамамен 30 мың адам қатысты. Тазалық жұмыстары алда да жалғасын таба бермек.

Асыл Махметов, Жақсылық Тілепберген, Мейрам ИСабеков, Алматы

Оқи отырыңыз: Алматылықтар «Желтоқсан» саябағындағы сенбілікке қатысты