Алматыда танымал тұлғалардың дауысымен дыбысталған иллюстрациялық ертегілердің тұсауы кесілді

Жарық көрген ертегілер 3 пен 7 жас аралығындағы балаларға арналған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда танымал тұлғалардың дауысымен дыбысталған иллюстрациялық ертегілердің тұсауы кесілді. Аудиокітаптарға архив қорында сақталған жазбалар енгізілген. Алғашқы басылымда 16 қазақ ертегісі жарық көрді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жаңа туындылардың қызыл лентасы Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен жазбалары архивінде қиылды. Серке Қожамқұлов, Торғын Тасыбекова, Қасым Жәкібаев, Райымбек Сейтметов сынды қазақ өнеріндегі тарихи тұлғалардың сазды үні балаларға арналған аудиокітапқа жан бітірді. 16 туындының қатарында «Мақта қыз бен мысық», «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?»,  «Түлкі мен маймыл», «Екі лақ» және тағы да басқа ертегілер бар. Алғашқы басылым саны мың данадан асады.

«1965-78 жыл аралығында дыбыстық жазбаларды архивте сақталған атақты актерларымыз оқыған жазбаларды алып, оны кітап ретінде мәтінін үйлестіріп, сол мәтінін бірінші кітапшаға, сосын QR арқылы дыбыстық жазбаларды ұсынып отырмыз. Ертегілердің, кейіпкерлердің түрлі-түсті суреттері бар. Сонымен қатар балаларға бояуға арналған материалдар ұсынып отырмыз», – деді «Мектеп» баспасы бас редакторының орынбасары Әуелай Оспанова.

 Жарық көрген ертегілер 3 пен 7 жас аралығындағы балаларға арналған. Жоба авторларының айтуынша, мұндай цифрлы форматтағы кітаптар балалардың ой-өрісін кеңейтіп, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруге септігін тигізеді. Яғни, бала басылымдағы бейнелер арқылы визуалды қабілетін, ал дыбыстық жазба арқылы тыңдау мәдениетін қалыптастырады.

«Архив қорынан магниттік лентаға жазылған дыбыстарды қайта көшіріп, оны цифрландырып, жыр-дастан, күй болсын жобаға дайындап отырамыз. Сондықтан болашақта да осындай жобалар жүзеге асады деген ойдамын», – деді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Саян Ақмолда.

Жоба авторлары аудиокітаптардың мәтінін барынша жеңіл әрі қысқа жазуға тырысқан.

Айта кетейік, мұрағат қорында 70-тен аса ертегі бар, алдағы уақытта оларды да заманауи форматта басып шығару жоспарланып отыр.

Айдана Шалқар, Хангелді Ахметхан

Оқи отырыңыз: Алматыда Ұлттық спорт күні кең ауқымда аталып өтті

Новости партнеров