Алматыда Ұлттық спорт күні кең ауқымда аталып өтті

Іс-шаралар жоғары деңгейде өтіп, халық зор қызығушылық танытты 

Жаңалықтармен бөлісіңіз

2026 жылы 20 наурызда Наурыз – Ұлыстың ұлы күні мерекесі аясында Алматы қаласында Ұлттық спорт күніне орай бірқатар ауқымды спорттық іс-шара өтті. Қаланың барлық ауданында ұйымдастырылған мерекелік жарыс пен фестиваль мыңдаған тұрғынды біріктіріп, ұлттық спорт түрлерінің маңызын айшықтай түскен оқиғаға айналды, - деп хабарлайды Almaty.tv.

Негізгі іс-шаралардың бірі Бостандық ауданындағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті саябағында өтті. Мұнда қала тұрғындары мен қонақтары «асық ату», арқан тарту, «қой көтеру», «тоғызқұмалақ» және ләңгі ойыны бойынша жарысты. Әрбір сайыс ұлттық дәстүр мен салауатты өмір салтының үндестігін көрсетіп, қатысушыларға ерекше әсер сыйлады.

Сондай-ақ, Әуезов ауданында №173 лицей базасында оқушылар арасында ұлттық спорт түрлерінен қалалық фестиваль өтті. Оған қаланың 8 ауданынан 160-тан астам оқушы қатысып, «асық ату», «бес асық», «тоғызқұмалақ» және «Бала Толағай» эстафетасы бойынша шеберлік көрсетті. Іс-шара аясында ұлттық нақыштағы орта құрылып, киіз үйлер тігіліп, жас ұрпақ арасында ұлттық дәстүр мен мәдени құндылықтар кеңінен насихатталды.

Жетісу ауданында Айнабұлақ-2 шағынауданының Арбат алаңында «Спорт – достық алаңы» жобасы аясында «Ұлттық ойын – ұлттық мұра» атты ауқымды фестиваль өтті. Ашық аспан астында ұйымдастырылған бұл іс-шара қала тұрғындары жиі баратын алаңға айналды. Қатысушылар гір тасын көтеру, арқан тарту, күрес, асық ату, қол күрестіру және ләңгі ойыны бойынша бақ сынап, күш-қайрат пен ептілік көрсетті.

Сонымен қатар М. Ганди атындағы саябақта және «Атлетикалық ауыл» аумағында да ұлттық ойын қамтылған спорттық іс-шаралар өтті. Қонақтар жарыстарға қатысып қана қоймай, дәстүрлі тағамдардан дәм татып, Наурыз мерекесінің ерекше рухын сезінді.

Бұдан бөлек, қала бойынша көптеген спорттық-бұқаралық іс-шара ұйымдастырылып, олардың аясында ұлттық ойындар кеңінен дәріптелді. Бұл тұрғындардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, бұқаралық дене шынықтырудың дамуына серпін берді.

Жалпы іс-шаралар жоғары деңгейде өтіп, халық зор қызығушылығын тудырды. Мыңдаған алматылық белсенді түрде қатысып, салауатты өмір салтына бейімін көрсетті.

Ұлттық спорт күні – бұл тек жарыс емес, қоғамды біріктіретін, дәстүрді жаңғыртып, ұлттық рухты нығайтатын маңызды мереке.

Оқи отырыңыз: Future format-тағы Наурыз дәстүрі: Алматы жаңа буын декорациясымен таңғалдырады

Новости партнеров