Алматыда «Тазы» атты деректі фильм көрерменге жол тартты

16.03.2026 18:45

Жоба Yandex Qazaqstanның мәдени мұраны жаңыртып, сақтауға бағытталған игі бастамасының аясында ұсынылды

Ұлы Дала мұрасы жаңғырды. Алматы төрінде қазақ рухының айнымас серігі, жеті қазынаның бірі – тазы тұқымына арналған деректі фильмінің тұсауы кесілді. Танымал режиссер Қанат Бейсекеевтің кезекті «Тазы» атты туындысы бұл жолы Yandex Qazaqstan-ның қолдауымен жарық көріп, көрерменге жол тартты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Даланың киелі жануары, аңшы ит, қазақ болмысының айнасы, еркіндік пен тектіліктің көрінісі – тазы. Дәл осындай атаумен танымал режиссер Қанат Бейсекеев кезекті туындысын ұсынды. Мүсіні мінсіз құмай тазы қашаннан жеті қазынаның бірі, қазақ рухының символы болған. Авторға фильм түсіру идеясы осыдан 7 жыл бұрын келген. Көркем туындыда басты рөлдегі Рашид есімді азамат тазы тұқымын әлемге танытып, дамытуды мақсат еткен. Картина жануарды баптаудың қыр-сырын көрсетіп, халық мұрасын болашақ ұрпаққа жеткізу жауапкершілігін сездіреді.

«Бұл деректі фильмі жай жануарларды жақсы көру, жануарларға құрметтеу, тазыны құрметтеу. Тазы – жәй ит емес, ұлы тазы. Ол – жеті қазынамыздың бірі. Біздің ата-бабамызда жанымызда жүрген төр аяқты достар деп айтуға болады», –  деді Режиссер Қанат Бейсекеев.

Тұсаукесерге жиналған қауым құмай тазыны тек экраннан емес, іс-шара барысында да көруге мүмкіндік алды. Жоба Yandex Qazaqstanның мәдени мұраны жаңыртып, сақтауға бағытталған игі бастамасының аясында ұсынылды. Бұған дейін ұжым тастағы петроглифтерді цифрландырып, тарихи мұраны сақтауға елеулі үлес қосқан. Компания өкілдері «ендігі жоспар қазақтың сенімді серігі – құмай тазының тағдырына үңілу» дейді.

«Біздің мәдениетте осындай асыл тұқымды жануар барын көрсету маңызды. Оны жаңғырту керек. Бұл жолда қамқорлық көрсетіп жүрген адамдар туралы айту қажет. Сол себепті біздің алаңымызда, «кинопоиск» платформасында бірнеше дербес фильм пайда болды, енді деректі фильмдер де шығып жатыр. Оны халыққа жеткізу маңызды», – деді «Yandex Qazaqstan» басшысы Тимур Шалекенов.

«Тазы» деректі фильмін 13 наурыздан бастап «Кинопоиск» платформасынан тамашалауға болады. Туынды құмай тазы тұқымының көшпенділер мәдениетінде ерекше мәнге ие болғанын көрсетеді.

Әйкерім Пернебек, Ғани Қалуов