Алматыда «The Planet of art» халықаралық жастар фестивалінің жеңімпаздары марапатталды

Қазылар алқасының шешімі бойынша финалға халықаралық қатысушылардың шамамен 400 жұмысы өтті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда ЮНЕСКО қамқорлығымен өтетін The Planet of art халықаралық жастар фестивалінің жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Биылғы тақырып –  «ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасын сақтаудағы және ілгерілетудегі әйелдердің рөлі». Байқауға әлемнің 54 елінен 3 пен 18 жас аралығындағы мыңдаған бала мен жас суретші қатысты. Қазылар алқасының шешімі бойынша финалға халықаралық қатысушылардың шамамен 400 жұмысы өтті. Фестивальдің басты мақсаты – өз мәдениетін бағалап қана қоймай, әлемнің мәдени алуандығын құрметтейтін ұрпақ тәрбиелеу. 

"Бұл жоба наурыз айында басталған. Жоба негізі ЮНЕСКО-ның материалдық емес, мәдени мұрасын ілгерілетудегі әйелдердің рөліне арналған. 10 қарашада ЮНЕСКО-ның штаб пәтерінде көрме өтеді. Осы бүгінгі көріп отырған қатысушылардың суреттерін Парижде көрсететін боламыз", - деді Қазақстандық ұлттық ЮНЕСКО клубтары федерациясының ұлттық үйлестірушісі Айсана Мирам.

Алматыдағы марапаттау рәсіміне 20 елден – Әзербайжан, Мажарстан, Грекия, Грузия, Үндістан, Кения, Қытай, Чехия сияқты мемлекеттерден келген 12 мен 18 жас аралығындағы финалистер, сонымен қатар Қазақстанның 13 облысынан 13 жас суретші қатысты. Шетелдік жүлдегерлер «Алматыда өткен бірнеше күн ерекше әсер сыйлап, көптеген дос табуға мүмкіндік берді» дейді. 

"Мен ұсынған картинада Ганг өзенінің жағасында отырған әйел бейнеленген. Бұл жер Үндістанның Бенарес қаласында орналасқан. Үнділер үшін бұл – қасиетті мекен. Мұнда құдайларымызға табынамыз. Меніңше, әйелдердің қоғамда еркін болуы және күн сайын өз құқығы мен мүмкіндіктерін нығайта түсуі өте маңызды. Картинам арқылы әйелдердің күн өткен сайын тәуелсіз бола түскенін жеткізгім келді. Бұл фестиваль әртүрлі елден келген адамдарды біріктірді деп ойлаймын. Осындай іс-шараға қатысып, финалға шыққаныма өте қуаныштымын", - деді қатысушы Аюсмита Сен (Үндістан). 

Оқи отырыңыз: Жүзуден әлем кубогы кезеңінде бақ сынайтын Қазақстан құрамасының тізімі анықталды