Алматыда ұрланған смартфондарды өткізу арнасы анықталды

01.02.2026 09:58

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды

polisia.kz

Алматыда ұрланған смартфондарды өткізу арнасы анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Алматыда криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ұрланған техниканы сатып алып, сақтаумен айналысқан деген күдікпен ер адамды ұстады.

Жедел іс-шараларды жүргізуге қаладағы мекемелердің бірінде жасалған телефон ұрлығын тергеу себеп болды. Жедел жұмыстың нәтижесінде күдіктінің қолынан ұрланған смартфон, сондай-ақ әртүрлі маркалы 30 телефон мен екі планшет тәркіленді. Қазіргі уақытта аталған техниканың шығу тегі тексерілуде.

Аталған дерек бойынша қылмыстық жолмен алынған мүлікті біле тұра сатып алу белгілерімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

Қазіргі таңда полиция қызметкерлері тәркіленген техниканың заңды иелерін анықтау, сондай-ақ ұсталған азаматтың мүліктік сипаттағы өзге де қылмыстарға қатыстылығын тексеру бағытында жедел-тергеу іс-шараларының кешенін жүргізіліп жатыр.

— Ұрланған мүлікті сатып алу — мүліктік қылмыстар тізбегіндегі негізгі буындардың бірі. Дәл осындай “делдалдардың” болуы ұрлық фактілерінің көбеюіне ықпал етеді. Сатып алушылардың заңсыз қызметін анықтау және жолын кесу жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі. Тәркіленген барлық мобильді құрылғылар тексеріліп, олардың заңды иелері міндетті түрде анықталады, — деді Алматы қаласы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Асхат Даулетияров.

Оқи отырыңыз: Алматыда жол-көлік оқиғаларының алдын алу жұмыстары күшейтілді