Жол қауіпсіздігі мәселелері полиция жұмысының басым бағыттарының бірі болып қала береді
Алматы қаласында полиция жол қозғалысына қатысушыларды жол ережелерін қатаң сақтауға және жолда өзара сыйластық танытуға шақырады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Жол қауіпсіздігі мәселелері полиция жұмысының басым бағыттарының бірі болып қала береді. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу, апатты жағдайларды болдырмау және жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жауапты мінез-құлқын қалыптастыру бағытындағы профилактикалық жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде. Әсіресе жүргізушілермен түсіндіру жұмыстарына ерекше көңіл бөлінуде. Оның ішінде жылдамдық режимін сақтау, арақашықтықты дұрыс ұстау, бағдаршам белгілерінің талаптарын орындау, сондай-ақ қауіпті маневрлерге жол бермеу мәселелері басты назарда.
Полиция өкілдері жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі жүргізушілердің салғырттығы мен қауіпсіздіктің қарапайым қағидаларын елемеу салдарынан болатынын атап өтеді.
— Жол қауіпсіздігі — ортақ жауапкершілік. Жол қозғалысы ережелерін сақтау, басқа қатысушыларға құрметпен қарау және жүргізушілік мәдениет жол-көлік оқиғаларының азаюына тікелей әсер етеді. Бұл бағыттағы профилактикалық жұмыс жүйелі түрде жүргізілуде, — деп атап өтті Алматы қаласы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Шумаев.
— Әрбір жол-көлік оқиғасының артында адам өмірі мен денсаулығы тұр. Біз жүргізушілерді барынша мұқият болуға, ережелерді бұзбауға және рөлге отырған сәттен бастап жауапкершіліктің маңызын ұмытпауға шақырамыз. Жолда ұсақ-түйек болмайды, тек жауапты жүргізу ғана қайғылы жағдайлардың алдын алады, — деп толықтырды Алатау аудандық полиция басқармасының бастығы Еділхан Байғараев.
Алматы қаласының полициясы жол қозғалысының барлық қатысушысын жол қозғалысы ережелерін сақтауға, бір-біріне құрметпен қарауға және жолдағы қауіпсіздік әрбір адамның жеке жауапкершілігінен басталатынын естен шығармауға шақырады.
Оқи отырыңыз: Алматыда «Жол бер!» акциясы аясында әлеуметтік эксперимент өткізілді