Алматыда XIII ғасырда жазылған Құранның көшірмесі таныстырылды

Түпнұсқасы Түркияда жатқан қасиетті кітапты Қазақстанға алдырту жұмыстары екі ай уақытқа созылған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда XIII ғасырдағы билеуші Өзбек ханға арнап алтын сиямен жазылған Құран кәрімнің көшірмесі көпшілікке таныстырылып, тұсауы кесілді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Түпнұсқасы Түркияда жатқан қасиетті кітапты Қазақстанға алдырту жұмыстары екі ай уақытқа созылған. Бұл туралы «Алтын Орда өркениеті: рухани мұра және дәстүр жалғастығы» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда еліміздің Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы мәлімдеді. Іс-шарада бірнеше мемлекеттен келген түріктанушылар, исламтанушылар мен тарихшылар, әдебиеттанушылар мен білімгерлер бас қосты. Қатысушылар Алтын Орда өркениеті мен Жошы ұлысының рухани мұрасын талдап, сол дәуірдегі дін мен дәстүр сабақтастығын, оның бүгінгі қоғамдағы рухани рөлін талқылады.

Айта кетейік, жиын Ислам ғылыми-зерттеу институтының ұйымдастыруымен өтті.

"Бұл – 2-3 ай бұрын бастаған жұмысымыздың нәтижесі. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы Түркия елінің Дін істері диянетінің басшылығымен келіссөз жүргізудің арқасында Құранның көшірмесі, Аллаға шүкір, елімізге алынды. Бұл – Алтын Орда өркениетінің Исламға қосқан үлесінің көрінісі", – деді ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай Қажы Тағанұлы.

"Құранның көшірмесі бастан аяқ 303 парақ, 606 бет алтын сиямен көшірілген. 1318 жылы Бәдр әл-Хамадани тарапынан көшірілген. Сөйтіп ол Өзбек ханның қолында болды. Келешекте ғалымдар зерттеу үшін  Ұлттық кітапханаға, зерттеу ғылыми орталықтарына берсек деген ойымыз бар", – деді Ислам ғылыми-зерттеу институтының директоры Төреәлі Қыдыр.

Оқи отырыңыз: Елордада Алматының тарихи фотосуреттерінің үш күндік көрмесі ашылды

Новости партнеров