Алматыда жалдамалы тұрғын үй бағасы қымбаттады

02.02.2026 20:28

Мегаполисте баспананы жалға алу құнының бір шаршы метрі орта есеппен 6 мың теңгеге жеткен

Алматыда жалдамалы тұрғын үй бағасы қымбаттады. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, мегаполисте баспананы жалға алу құнының бір шаршы метрі орта есеппен 6 мың теңгеге жеткен. Сарапшылар мұндай өсімді ішкі көші-қонның көптігімен және сұраныстың жоғарылауымен байланыстырады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Аружан Нұриханова – Алматы облысының тумасы. Биыл орта мектепті тәмамдап, Алматы қаласына оқуға түскен. Сабаққа қатынау ыңғайлы болсын деп құрбыларымен бірге Бостандық ауданынан айына 250 мың теңгеге пәтер жалдаған. Бірақ көп ұзамай үй иесі жалдау құнын 40 пайызға арттырып жіберіпті. Студенттің сөзінше, қаладағы жалдамалы тұрғын үй нарығында тұрақтылық жоқ, бұл жастардың жағдайын қиындатып отыр.

«Бастапқыда құрбыларымызбен бірге үйді жалдап тұрғанбыз. Ол кезде баға тұрақты, 250 мың теңге тқледік. Кейін бір-екі айдан кейін баға 100 мың теңгеге бірден өсіп кетті, 350 мың теңге төлейтін болдық. Стипендиямыз 52 мың теңге. Жүріп-тұрысымызға, азық-түлігімізге, үйдің төлейтін ақысы бар, жете бермейді», – деді студент Аружан Нұриханова.

Ал тұрғын үй саласының сарапшысы Дина Қилыбасова жалдамалы пәтерлер бағасының айтарлықтай өзгермегенін айтады. Сөзінше, соңғы рет құнның күрт өсуі 2022 жылы көршілес Ресейде мобилизация жарияланған тұста байқалған. Сонымен қатар баспана нарығына қыркүйекте қалаға келетін студенттер де ықпал етеді.

«Соңғы 2-3 жылда жалдамалы пәтерлердің бағасы тұрақты. Негізінде жаз айында төмендей бастайды. Өйткені сұраныс азаяды. Олардың бағасы сұранысқа байланысты. Басқа бірнеше фактор әсер етеді. Ол орналасқан жері, одан кейін үйдің жағдайы, үшіншіден, бұл ескі  не жаңа тұрғын үй кешені», – деді тұрғын үй сарапшысы Дина Қилыбасова.

Ұлттық статистика бюросы жариялаған соңғы мәліметтерге сүйенсек, елімізде бір жыл ішінде пәтер жалдау ақысы шамамен 13 пайызға қымбаттаған. Қазір республика бойынша 1 шаршы метрдің орташа құны 5 мың теңгеден жоғары. Ең қымбат жалдау ақысы Астана мен Алматы қалаларында тіркелген. Ал баға жағынан ең қолжетімді аймақтар қатарына Тараз, Түркістан және Павлодар өңірлері кіреді.

Мәди Мәлік. Хангелді Ахметханов