Жұмыс барысын Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова бағалады
Алматыда медициналық инфрақұрылымды ауқымды жаңарту жұмыстары жалғасуда. Қалада бір ауысымда 200 адам қабылдайтын жаңа отбасылық дәрігерлік амбулатория салынуда, ал №7 қалалық клиникалық ауруханада кешенді жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жұмыс барысын Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова бағалады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, жұмыс сапары шеңберінде ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Шұғыла шағынауданында салынып жатқан отбасылық дәрігерлік амбулаторияға және №7 қалалық клиникалық ауруханаға барды.
Шұғылада жаңа амбулатория салынады
Шұғыла шағынауданында бір ауысымда 200 адам қабылдайтын отбасылық дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жалғасуда.
Жаңа медициналық нысан аудан тұрғындары үшін медициналық-санитариялық алғашқы көмектің мүмкіндіктерін кеңейтіп, қажетті медициналық көмекті тұрғылықты жеріне жақын жерде алуға мүмкіндік береді.
Алматының қарқынды өсіп келе жатқан аудандарында МСАК нысандарының желісін дамыту ерекше маңызды. Жаңа медициналық қуаттар халықтың қажеттілігі мен алдағы жүктемені ескере отырып құрылуда.
№7 қалалық клиникалық аурухана жаңғыртылуда
№7 қалалық клиникалық ауруханада да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта емхана ғимаратында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар стационарды қайта жаңартудың бірінші кезеңі іске асырылуда – 11 павильонның 6-ы жаңартылуда. Жоба медициналық инфрақұрылымды кешенді жаңартуды көздейді.
Атап айтқанда, негізгі бөлімшелерді қайта жаңарту, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту және аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Бұл ретте пациенттерге медициналық көмек штаттық режимде көрсетілуде.
Пациенттер мен медицина қызметкерлеріне заманауи жағдай жасалады
Аумақтарды аралау қорытындысы бойынша Ақмарал Әлназарова Алматының медициналық инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жаңартудың маңыздылығын атап өтті.
МСАК-тың жаңа нысандарын дамыту және қолданыстағы ауруханаларды жаңғырту пациенттер мен медицина қызметкерлері үшін заманауи әрі жайлы жағдай жасауға, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға және қаланың денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамытуға бағытталған.
Оқи отырыңыз: Неліктен 120 балл грант алуға әрдайым кепілдік бермейді, ал 100 балл жеткілікті болуы мүмкін