Алматыда жаңа Конституция аясында ғылым мен инновация бағыттары талқыланды

01.07.2026 16:48

Жаңартылған Ата Заңда ғылым, жасанды интеллект және инновация салалары мемлекеттің стратегиялық басым бағыттары ретінде бекітілген

Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде «Конституция және ғылым: Қазақстанның болашақ векторы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиынға ғылыми қауымдастық өкілдері, жас зерттеушілер мен студенттер қатысып, бүгін, яғни 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Конституцияның отандық ғылымға тигізер әсерін талқылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қатысушылардың айтуынша, жаңартылған Ата Заңда ғылым, жасанды интеллект және инновация салалары мемлекеттің стратегиялық басым бағыттары ретінде бекітілген. Басқосуда қатысушылар интерактивті пікірталас ұйымдастырып, елдің технологиялық егемендігін нығайтатын негізгі бағыттарды айқындады. Олардың қатарында «жасыл» энергетика, IT және биотехнология салалары бар.

Жиын қорытындысы бойынша университет ғалымдары жаңа конституциялық қағидаттарға сүйене отырып, ел азаматтарының технологиялық модернизацияның алдыңғы шебінде жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.

«Жалпы қазір қоғамда ғылым мен білім қарқынды дамып келеді. Мысалы, IT-технология, экология, тау-кен металлургиясы саласы. Сонымен қатар трендте болып жатқан жасанды интеллект бар. Міне, осылардың барлығы Конституция аясында аталып өтті. Бұл ғалымдарға, соның ішінде жас ғалымдарға жаңа серпін береді», – деді Қ. И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы Ерік Меркібаев.

«Білім мен ғылымды дамытып, оның нәтижесінде инновациялық жаңа деңгейге көтеріліп, өндірістерді дамытсақ – бұл еліміздің экономикасына әсер етеді. Қазір әлемде ғылым өте жоғары деңгейде дамып жатыр. Ал мемлекет басшысы ғылымды дамытуға жан-жақты қолдау көрсетіп отыр», – деді Қ. И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ жас ғалымы Базарбай Бауыржан.

Оқи отырыңыз: Қазақстан тарихында алғаш рет әкімшілік рақымшылық жасау жүргізіледі – Президент заңға қол қойды