Алматыда жасөспірімдер арасында көркем жүзуден Қазақстан чемпионаты аяқталды

12.05.2026 16:45

Жеңімпаздар Таиландта өтетін Азия чемпионаты мен Әлем додасында ел намысын қорғайды

Алматыда жасөспірімдер арасында көркем жүзуден Қазақстан Республикасының чемпионаты аяқталды. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен келген ең мықты жас спортшылар қатысып, өзара бақ сынасты, — деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл доданың жеңімпаздары халықаралық аренада Қазақстан намысын қорғайтындықтан, бәсеке өте жоғары деңгейде өтті. Жарысқа төрелік ету үшін Олимпиада ойындары, Әлем чемпионаттары мен Әлем кубогында қазылық еткен халықаралық деңгейдегі білікті мамандар арнайы шақырылған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай тәжірибе жас спортшылармен қатар, отандық жаттықтырушылар мен төрешілердің де кәсіби біліктілігін арттыруға зор септігін тигізеді.

Чемпионат соңында барлық қатысушыларға республикалық және жергілікті көркем жүзу федерациялары атынан естелік сыйлықтар табысталды. «Qazaq Aquatics» РҚБ атқарушы директоры Әсел Орынбасарова жарыстың маңызына тоқталып, алдағы жоспарлармен бөлісті:

«Бұл жарыстардың маңызы өте жоғары. Жеңімпаздар 2026 жылы өтетін ірі халықаралық додаларға жолдама алды. Атап айтқанда, 15–25 шілде аралығында Таиландта өтетін Азия чемпионаты мен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына қатысатын құрама сапы анықталды. Осы орайда қолдау көрсеткен Спорт және туризм министрлігіне және Алматы қаласының спорт басқармасына алғыс айтамыз», — деді Әсел Орынбасарова.

Мамандардың пікірінше, қазіргі таңда қазақстандық көркем жүзу мектебі қарқынды дамып келеді және жасөспірімдердің деңгейі халықаралық талаптарға толық сай келеді.

Оқи отырыңыз: Қазақстанның агросекторына ЖИ мен цифрлық платформалар енгізілуде