Алматыда «Жас қанат» жастар денсаулығы орталығында 2700-ге жуық адамға медициналық көмек көрсеткен

12.09.2025 16:55

Орталықта дерматолог, гинеколог, уролог, және психолог дәрігерлер жұмыс істейді

Отбасын құру, бала жоспарлау, түрлі аурулардың алдын алу. Алматының Наурызбай ауданындағы «Жас қанат» жастар денсаулығы орталығы жыл басынан бері 2700-ге жуық адамға медициналық, емдік-профилактикалық көмек, психоәлеуметтік және құқықтық қызмет көрсеткен, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бүгінде мекеме мамандары ашық есік күнін өткізді. Сағат 20:00-де басталған іс-шараға 50-ден астам тұрғын келіп, дәрігерлерден тиісті емін алды. Жастар денсаулық орталықтары 10 жас пен 35 жас аралығындағы азаматтарды қабылдайды. Онда дерматолог, гинеколог, уролог, және психолог дәрігерлер жұмыс істейді. Сондай-ақ заңгерден кеңес алуға мүмкіндік бар. Мамандар күні бойы консультативтік қабылдау өткізіп, тренингтер мен үстел ойындарын ұйымдастырады.

Айта кетейік, №26 емханадағы ашық есік күні 15 қыркүйекке дейін жалғасады.

 «Гинекологқа, урологқа, эндокренологтарға келіп тұрамын. Анализдер тапсырамын. Өзімнің денсаулығымды күту үшін арнайы келдім. Мамандар жасымызға қарай арнайы скринингке шақырып отырады», – деді қала тұрғыны Аяжан Қасенжан.

«Мектеп жасындағы балалар буллинг туралы ата-аналарына айта бермейді. Бізде бәрі құпия сақталады. Сондықтан мектептерден балалар орталыққа келеді», – деді  «Жас қанат» жастар денсаулық орталығының психологі Гүлнисям Искандарова.

Оқи отырыңыз: Бағаны реттеу және тұрақтандыру: Алматыда 300-ден аса әкімшілік хаттама жасалды