Алматыда ЖРВИ мен тұмауға шалдыққандар саны азайды

Қаланың 33 білім беру ұйымында ЖРВИ-мен науқастанған 76 оқушы анықталды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда жедел респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) бойынша эпидемиологиялық жағдай бірқалыпты. Соңғы бір аптада 8 322 науқас тіркелген, бұл өткен аптадан 31,4%-ға, былтырғы осы уақытпен салыстырғанда 38,6%-ға төмен. Бақылау деңгейінен асып кететіндей жағдай болған жоқ, тұмаумен ауырған барлық науқастың жағдайы қалыпты деп бағаланды. Өңірлік коммуникациялар қызметінде Алматының қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалыкова осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Құзырлы мекемелердің мәліметіне қарағанда, ЖРВИ-мен сырқаттану көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 354,38-ді құраған. Ауырғандардың жартысынан көбі (52,3%) балалар, 4 351 бала тіркелген. Бір аптада ЖРВИ диагнозымен 312 адам ауруханаға жатқызылыпты, оның ішінде 36 жүкті әйел мен бір жасқа дейінгі 56 бала бар. «Пневмониямен» 57 науқас стационарға жіберілді, оның 14-і 14 жасқа дейінгі балалар, 8 нәресте бар арасында.

2025 жылдың 40-аптасынан биылғы жылдың алғашқы аптасына дейін Алматыда 250 696 ЖРВИ тіркелді. Сырқаттану көрсеткіші 10 675,52 болып, өткен жылдың деңгейімен шамалас болып шықты. Ауырғандардың арасындағы балалардың үлесі – 58,4%. Осы кезеңде ЖРВИ асқынған 5 332 адам ауруханаға жатқызылды, олардың 548-і жүкті әйел мен бір жасқа дейінгі 822 бала бар. Пневмониямен 1 031 науқас ауруханаға түсті, оның 216-сы 14 жасқа дейінгі балалар мен бір жасқа дейінгі 67 сәби тағы бар.

Қаланың 33 білім беру ұйымында ЖРВИ-мен науқастанған 76 оқушы анықталды. Сырқаттану шекті деңгейден аспайды: оқушылар арасындағы ауру үлесі 10%-дан жоғары болған жоқ. Сонымен қатар, оқушылардың қысқы демалыста болғаны да ескерілді. Білім беру ұйымдарында ЖРВИ мен тұмау белгілері бар балалар мен қызметкерлерді дер кезінде анықтау үшін күнделікті «таңғы» және ауысымдық тексеріс қатар жүріп жатыр.

Алматыдағы Ұлттық сараптама орталығы бөлімшесінің вирусологиялық зертханасы бақылауды жалғастырып жатыр. 1 қазаннан бері тұмауға 1 253 сынама зерттеліп, оның 83-інен оң нәтиже анықталды. Барлығы тұмаудың A/H3N2 түрі. Тұмауға жатпайтын вирустарға 238 сынама тексеріліп, 24 жағдайда риновирус, респираторлық-синцитиалды вирус, парагрипп, аденовирус пен маусымдық коронавирустың инфекциясы табылды.

Эпидемиялық маусым басталғалы бері зертханада 83 рет тұмаудың тарағаны расталды, олардың барлығы вакцина алмағандар болып шыққан. Барлық науқас емделіп жатыр қазір, олардың жағдайы бірқалыпты.

Алматыдағы ҰСО бөлімшесінде тұмау, тұмауға жатпайтын ЖРВИ мен COVID-19 вирустарына ПТР-зерттеу жүргізуге арналған тест-жүйелер мен реагенттердің жеткілікті қоры бар. ДДСҰ болжамына сәйкес, күзгі-қысқы маусымда тұмаудың A/H1N1/pdm09 және A/H3N2 вирустары қатар айналымда болып, В вирусы қосылуы мүмкін, алайда A/H3N2 түрі басым болып шығуы бек мүмкін.   

Дәрігерлер қала тұрғындарынан аурудың алдын алу жағын ескеруді сұрайды: иммунитетті нығайтып, бөлмені жиі желдетіп, науқаспен байланыстан аулақ болып, тазалыққа мән беріп, ауру жұқтырғанда маска тағып жүру керек.   ЖРВИ немесе тұмау белгісі пайда болған жағдайда үйден шықпай, өздігінен емделмей, кім болса да дәрігердің көмегіне жүгінуі тиіс.
 
Ауырып қалған балаларды мектепке, балабақша мен көпшілік орынға жібермегеніңіз жөн.

Оқи отырыңыз: Қарағандыда жетім балаларды бопсалап келген қылмыстық топ анықталды

Новости партнеров