Алматыда жүк көліктеріне бақылау күшейтілді

04.06.2026 10:14

 Құқықбұзушылықтар бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік шаралар қабылданды

polisia.kz

Алматы қаласының полициясына тұрғын үй алаптарында жүк көліктерінің қозғалысына қатысты тұрғындардан бірқатар негізді шағымдар түсті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Өтініштерде ірі көлемді көліктердің аулалар арқылы қатынауы, абаттандыру қағидаларын бұзуы, көгалдар мен жасыл желек аумақтарына кіру фактілері көрсетілген.

Сондай-ақ ассенизаторлық көліктердің жұмысына қатысты мәселелер де көтерілді.

Осыған байланысты Алатау ауданында құқықбұзушылықтардың алдын алу және олардың жолын кесу мақсатында арнайы рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылды.

Тексеру барысында полиция қызметкерлері жол қозғалысы қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы, көлік құралдарын пайдалану қағидаларының бұзылуы, сондай-ақ қалалық инфрақұрылымды пайдалану және күтіп ұстау жөніндегі заң талаптарының орындалмауы фактілерін анықтады.

Анықталған барлық құқықбұзушылықтар бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік шаралар қабылданды.

- Тұрғындардың өтініштері назардан тыс қалған жоқ. Біз нақты мәселелер көтерілген аумақтарда арнайы тексеру жұмыстарын жүргіздік. Негізгі мақсат – тұрғын үй алаптарында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, тұрғындардың қауіпсіздігіне қатер төндіретін әрі қолайсыздық туғызатын құқық бұзушылықтардың алдын алу. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады, – деді Алатау аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары Данияр Плалов.

Оқи отырыңыз: Алматыдағы Терренкур көлінде қалқымалы гүл композициялары орнатылды