Тексеру барысында ветеринариялық нысандардағы қауіпсіздік талаптарының да бұзылғаны белгілі болды
Жетісу облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы ветеринария саласындағы заңбұзушылықтарды анықтап, 1,4 мыңнан астам қызметкердің еңбек құқығын қорғады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Прокуратураның мәліметінше, өңірлік ветеринария басқармасының қызметіне жүргізілген тексеру барысында мемлекеттік сатып алу саласында бірқатар заңсыздық анықталған. Атап айтқанда, ведомство эпизоотияға қарсы іс-шараларды бір көзден сатып алу тәсілімен жүзеге асырмақ болған. Алайда мұндай рәсімге қажетті заңды негіздер мен монополияға қарсы органның қорытындысы болмаған.
Қадағалау органы мұндай әрекеттер өңірдегі ветеринария жүйесінің жұмысына кері әсер етіп, мыңнан астам маманның жұмыссыз қалуына алып келуі мүмкін болғанын атап өтті. Прокуратураның араласуынан кейін заңсыздықтардың жолы кесіліп, қызметкерлердің жұмысы сақталған.
Сонымен қатар тексеру барысында ветеринариялық нысандардағы қауіпсіздік талаптарының да бұзылғаны белгілі болды. 2023–2024 жылдары пайдалануға берілген 49 блоктық-модульдік ветеринариялық пункт пен станцияда электр желілеріне қосу кезінде жерге тұйықтау жүйесі орнатылмаған. Бұл қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп, өндірістік жарақат алу қаупін арттырған.
Прокуратура қабылдаған шаралардың нәтижесінде ветеринария саласындағы 1,4 мыңнан астам қызметкердің еңбек құқықтары қорғалып, барлық нысан қауіпсіздік талаптарына сәйкестендірілді.
Ведомство мемлекеттік мекемелерде еңбек заңнамасы мен қауіпсіздік стандарттарының сақталуын бақылау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын мәлімдеді.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда азаматтарды қолдаудың ауқымды жүйесі қалыптастырылды