Алматыда жүргізуші куәлігіне сұраныс артты

03.04.2026 16:00

Мамандар мұның себебін дайындық сапасымен емес, жүргізушілердің психологиялық жауапкершілігі мен жылдамдыққа құмарлығымен байланыстырады

Алматыда жүргізуші куәлігін алуға ниеттілер саны артқанымен, жолдағы ауыр апаттар мен адам шығыны азаймай тұр. Қолға құжат алатындар көрсеткіші былтырмен салыстырғанда 2 есе артқан. Демек, «мәселе куәлікті алуда ғана емес, рөлге отырған адамның жауапкершілігінде болып тұр» дейді сала мамандары, - деп хабарлайды Almaty.tv.

Болашақ жүргізушілер алдымен жол қозғалысы ережесін оқып, көлік тізгіндеуді үйренеді. Кейін медициналық тексеруден өтіп, теориялық және практикалық емтихан тапсырады. Жүргізуші куәлігі 18 жастан бастап беріледі. Яғни талап та, тәртіп те бар. Бірақ осы жүйеде рөлдегі жауапкершілік қаншалықты толық түсіндіріледі — бұл бөлек мәселе.

«Біз деген оқушылардың, келген курсанттардың жалпы вождениеге дайындығын үйретіп, көрсетеміз. Бұл өйткені үлкен жауапкершілікті талап етеді. Қанша дегенмен, соңғы жаңалықтарды естіп жатсыздар көптеген жағдайлар орын алуда. Соның алдын алу мақсатында біз деген осындай сабақ жүргізіп, үйретуді және осы салаға жауапкершілікпен қарауды көздейміз, үйретеміз», – дейді Әлішер Ақашев, автомектептің мұғалімі.

Соңғы үш айдағы статистика талаптың күрделі екенін көрсетеді. Теориялық емтиханға 24 239 адам қатысқан. Соның 8 875-і межеден өте алмаған. Бұл пайыздық көрсеткішпен 63,4 процентті құрайды. Практикалық кезеңде де жағдай ұқсас: 14 104 кандидат емтихан тапсырса, олардың 6 383-і сынақтан сүрінген. Өткендердің пайызы — 54,7. Бұл статистика жүргізуші куәлігіне сұраныс жоғары болғанымен, рөлге отыруға ниеттілердің бәрінің бірдей дайын емес екенін көрсетті.

«B санатты көлігіне тапсыратын кісілер 2 жарым ай дайындалып келеді кандидаттарымыз. Жауапкершілікті сезінетіні көрінеді ол кісілердің. Емтиханды 3 рет тапсыра алмаған жағдайда теориялық емтиханы және практикалық емтихандары толыққанды базадан өшеді. Кандидат бәрін басынан бастап өтуі керек болады. Оған 2 ай уақыт кетеді», – деп түсіндірді Бақытбек Ерболұлы, № 1 мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы.

Екі ай күту адамның тек дағдысын емес, көзқарасын да өзгерте ала ма? Өйткені, жол үстіндегі қауіп тек техникалық қателіктен тумайды. Кейде мәселе рөлдегі мінезден, тәуекелге бейімділіктен, тіпті жылдамдыққа деген ішкі әуестіктен басталады. Ал мұндай әуестік біртіндеп құмарлыққа айналуы мүмкін.

«Жылдамдыққа әуестік — шынайы өмірде де қауіпке алып келуі мүмкін. Тіпті кей жағдайда есірткіге тәуелділікке ұқсап кетеді. Бүгін адамға сағатына 100 шақырым жылдамдық аз көрінсе, ертең одан да күшті, одан да өткір эмоция іздей бастайды. Сөйтіп 120, 150, тіпті 200 шақырымға дейін үдетуге ұмтылады. Яғни, бұл уақыт өте келе, бақылаудан шығатын қауіпті құмарлыққа айналуы мүмкін», – деп ескертеді Эдуард Эдоков, Тәуелсіз автокөлік одағының төрағасы.

Жылдамдыққа әуестік тәртіп бұзу ғана емес, ол терең психологиялық құбылыс болуы мүмкін. Себебі адам кейде көлік тізгінінде тек қозғалысты емес, эмоцияны басқарамын деп ойлайды. Мұндайда қауіп сезімі көмескіленіп, жауапкершіліктен бұрын эмоция алға шығады.

«Неге адамдар жылдамдықты асырады? Негізге байланысты, яғни асығып тұрған кезде жылдамдықты асыратын адамдар бар және оны дофамин алу үшін, яғни ол адамда горманальный нейромедиатрлар дұрыс жұмыс жасамайды да, дофамин бөлінбейді. Ал дофамин адамда қорқыныш болған кезде бөлінуі керек. Осы қатты бір жылдамдық асырғаннан мөлшерден тыс бөлінген дофаминнен адам лаззат алады. Демек, ол адамдардың нейромедиатрлары дұрыс жұмыс жасамайды деген сөз», – дейді Санжар Сейіткәрімұлы, психолог.

Алматыда биылдың алғашқы екі айында 1350 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 9 адам көз жұмған. Бұл — жай ғана статистика емес, әр санның артында үзілген өмір, сөңген үміт, қайта оралмас тағдыр тұр. Жүргізуші куәлігін алу тәртібі күшейіп, емтихан жүйесі күрделенгенімен, жолдағы жауапкершілік дәл сол деңгейде қалыптасып жатыр деу қиын. Өйткені апат көбіне құжаттың жоқтығынан емес, сананың дайын еместігінен болады. Сондықтан рөлге отырған әр адам өзінің ғана емес, өзгенің де өмірі үшін жауапкершілік арқалайтынын ұмытпаса екен дейміз.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда 303 зертхана жұмыс істеп тұр: ғылым мен бизнестің интеграциясы