Алматыда журналистер арасында боулинг турнирі өтті

Көктемде шағын футболмен басталып, үстел теннисімен жалғасқан ауқымды спартакиаданың бұл - соңғы шешуші кезеңі

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қалам мен микрофонды спорттық допқа алмастырған медиа өкілдері бұл жолы боулинг жолақтарында мықтыларды анықтады. Көктемде шағын футболмен басталып, үстел теннисімен жалғасқан ауқымды спартакиаданың бұл соңғы шешуші кезеңі, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

«Бастау» ойын-сауық кешенінде өткен турнирге қаланың 6 жетекші БАҚ ұжымы қатысты. Жарыс алаңында нағыз спорттық бәсеке өрбіп, қатысушылар жоғары дайындықтары мен командалық ауызбіршілігін көрсетті. Жарыс қорытындысы бойынша үшінші орынды «Алатау ақпарат» иеленсе, екінші орынды «Хабар» командасы қанжығасына байлады. Ал турнирдің бас кубогын «31 арна» ұжымы жеңіп алды.

«Журналистер қауымы үшін жеделдік пен белсенділік – басты талап. Осы орайда, кәсіби мереке қарсаңында спорттық жарыстар ұйымдастыру – медиа саласы мамандарына жігер беріп, ұжымды ұйыстыра түсетіні сөзсіз», – деді Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметінің басшысы Балсұлу Әлекенова.

Тәулік бойы тоқтаусыз ақпарат ағынында жүретін тілшілер қауымы үшін бұл іс-шара жұмыс қарбаласынан сәл де болсын серпілуге мүмкіндік берді. Көптеген журналистер үшін бұл жарыс мүмкіндігін сынау ғана емес, әріптестермен бейресми форматта қарым-қатынас орнату алаңына айналды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, турнир медиасала өкілдері арасындағы достық қатынастарды дамытуға бағытталған.

«Бұл турнирге 6 команда қатысып отыр. Олардың арасында от қойып, озып шығып, үздіктер қатарына ілігу – үлкен мәртебе. Жалпы есепте екі ойынның қорытындысы бойынша 218-ден астам балл жинадық, 2 орында келе жатқан «Хабар» агенттігі 100 баллға кемірек жинады. Бұның өзі сайыстың қаншалықты бәсекеге толы болғанын анықтап тұр. Спорттық мереке, көңіл-күй сыйлаған ұйымдастырушыларға алғысымды білдіргім келеді», – деді 31 арнаның «Информбюро» ақпараттық бағдарламалар бөлімінің басшысы Ержан Жүнісов.

Оқи отырыңыз: Алматы қаласының әкімі Медеу ауданындағы су жүйесінің жұмысымен танысты