Жоба аясында халықаралық тәжірибе алмасуға ден қойылған
Алматыдағы №4 қалалық клиникалық аурухана базасында аймақтық травматология орталығы құрылмақ. Тәжірибе алмасып, мамандардың біліктілігін арттыру мақсатында денсаулық сақтау мекемесі Ресейдің ортопедия және травматология бағытындағы жетекші ұлттық ғылыми-зерттеу орталықтарымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
№4 қалалық клиникалық аурухана базасындағы жаңа травматологиялық орталықта емдеудің барлық кезеңі бір жүйеге біріктірілмек. Атап айтқанда, науқас қабылдау бөліміндегі жедел реанимациядан бастап, толық оңалту мен қалпына келтіру процесіне дейін үздіксіз бақылауда болады. Мұнда жоғары технологиялық қызмет түрлері мен жаңа әдістер енгізілмек. Сондай оталардың бірі мұнда кеше жүргізілді. Оны Ресейден келген білікті мамандар мен біздің дәрігерлер бірлесіп атқарды.
«Мамандар курстардан өтіп, кәсіби қабілеттерін арттыруға мол мүмкіндік алады. Ол - жаңа технологияларды меңгеру, тың тәсілдерді үйрену, шетелдік іс-сапарлар. Яғни, біз ғылыми-тәжірибелік тұрғыда жаңа сатыға шыға аламыз. Біз келісімге келген орталық – ТМД елдерінің ішіндегі ең танымал, мықты базасы қалыптасқан ауруханалардың бірі. Біз үшін бұл ынтымақтастық – үлкен қадам, жаңа бастама», – деді № 4 қалалық клиникалық аурухананың директоры Біржан Досмаилов.
Жоба аясында халықаралық тәжірибе алмасуға ден қойылған. Бүгін ресейлік жетекші мамандардың қатысуымен ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп, заманауи емдеу тәсілдері мен күрделі клиникалық жағдайлар талқыланды. Кездесу барысында сол мемелекеттің ортопедия және травматология саласындағы жетекші ғылыми орталықтарымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл келісім заманауи технологиялар мен озық емдеу әдістерін енгізуге жол ашып, даму көкжиегін кеңейте түспек.
«Біздің институт саладағы барлық бағыттарды қамтып отыр. Сондықтан ынтымақтастықты арттыру өте оңтайлы шешім болмақ. Клиникалық медицина, ғылыми сабақтастық, білім алу едәуір нығая түспек. Бұл алға қарай ілгерілеуге мүмкіндік бермек. Бізге Қазақстандық мамандармен жұмыс істеген өте ыңғайлы. Сондықтан байланысты ресми түрде қағаз жүзінде бекітетін уақыт келді», – деді Р. Р. Вреден атындағы Травматология және ортопедия ұлттық медициналық зерттеу орталығының директоры Рашид Тихилов.
Сондай-ақ орталық тек ем көрсетумен шектелмейді. Ол аймақтық деңгейде білім беру, ғылыми зерттеу және аурудың алдын алу бағыттарын қатар алып жүреді. Әсіресе, травматология мен ортопедия саласындағы дәрігерлердің біліктілігін арттыруға ерекше мән берілмек. Жаңа құрылым өңірдегі барлық травматологиялық қызметтің жұмысын үйлестіретін негізгі алаңға айналмақ.
Айта кетейік, №4 қалалық клиникалық ауруханасында жыл сайын 19 мыңнан астам адам ем алады. Ал былтыр ірі буындарды эндопротездеу бойынша 2250 ота жасалып, рекордтық меже тіркелген.
Әйкерім Пернебек, Думан Дәулетбақұлы
Оқи отырыңыз: Қызылордалық студент мүгедектігі бар азаматтарға ыңғайлы қосымша әзірледі