Бұл тамырды кеңейтіп, қалыпты қан ағымын қалпына келтіретін стент орнатуға мүмкіндік береді.
Алматыдағы кардиологиялық орталықта кальцийленген артерияны емдеудің заманауи технологиясы енгізілді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Соңғы жылдары дәрігерлерге кальцийленген артериялық атеросклероз диагнозы қойылған пациенттер жиі жүгінеді. Бұл қан тамыры қабырғалары қатайып, иілгіштігін жоғалтып, стандартты баллондық ангиопластикамен оларды кеңейту мүмкін болмайтын жағдай.
Әдетте артерия тарылған кезде емдеу үшін баллон қолданылады: ол зақымданған тамыр бөлігіне енгізіліп, 10-14 атмосфера қысыммен үрленеді. Бұл тамырды кеңейтіп, қалыпты қан ағымын қалпына келтіретін стент орнатуға мүмкіндік береді.
«Алайда айқын кальциноз кезінде жағдай әлдеқайда күрделі. Кальцийленген түйіншектің тығыздығы сондай, оны 20 атмосфераға дейінгі қысымда да кеңейту мүмкін емес, осылайша баллон толық ашылмай қалады. Мұндай жағдайда қысымды 30 атмосфера не одан жоғары деңгейге дейін арттыру артерияның жарылу қаупін туғызады, сондықтан бұл процедура өте қауіпті», - дейді интервенциялық кардиология бөлімшесінің меңгерушісі Оразбек Сахов.
Бұл мәселенің шешімі - жаңа технология, ультрадыбыстық литотрипсия болды.
Процедура кезінде зақымданған аймаққа арнайы баллон енгізіледі. Баллон үрленген кезде оның ішінде ультрадыбыстық импульс түзіледі, ол кальцийленген түйіншекті ыдыратады. Толқын кальцийге бағытталған әсер етеді де, оның құрылымын бұзады, ал тамыр қабырғасының жұмсақ тініне зақым келтірмейді.
Мұндай өңдеуден кейін баллон қайта үрленіп, тамыр оңай кеңейеді, стент орнату қауіпсіз әрі тиімді өтеді.
Ультрадыбыстық литотрипсия – артерияның жарылу қаупінсіз кальций шөгінділерін тиімді жоюға, ауыр кальциноз кезінде де стентті сәтті орнатуға және қан айналымын жылдам қалпына келтіруге мүмкіндік беретін инновациялық әдіс.
«Біздің орталықта ультрадыбыстық литотрипсия әдісімен үш сәтті ота өткізілді. Барлық жағдайда артерия толық ашылып, стент еш қиындықсыз орнатылды. Пациенттердің жағдайы қанағаттанарлық, қан айналымы қалпына келді, ауырсыну белгілері жойылды», - дейді Оразбек Сахов.
Қалалық кардиологиялық орталықта енгізілген заманауи технология дәрігерлерге қан тамырының күрделі зақымдануының кезінде де тиімді емдеуге мүмкіндік беріп, пациенттерге қауіпсіз әрі сенімді ем алуға жол ашты.
Дереккөз: Алматы қалалық кардиологиялық орталығының баспасөз қызметі
Оқи отырыңыз: Алматы қалалық кардиологиялық орталығы жүрек трансплантациясын жүргізуге уәкілетті орталықтар тізіміне енгізілді