Сенаторлар орталық Алматыда орналасқандықтан, қала экономикасының өсуіне серпін береді деп отыр
Алматыдағы Халықаралық валюта қорының өңірлік орталығы жұмысын әрі қарай жалғастырады. Сенат «Қазақстан мен Халықаралық валюта воры арасындағы Кавказ, Орталық Азия және Моңғолия үшін өңірлік әлеуетті дамыту орталығына қатысты меморандумды» ратификациялады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл мемлекеттік басқару мен қаржы-экономика саласындағы мамандарды оқытып, олардың кәсіби біліктілігін күшейтуге мүмкіндік береді. Мұнда жоғарыда аталған елдердің өкілдері жиі келіп, тренингтер мен семинарларға қатысып отырады. Мәселен, орталық жұмыс істеген уақыт аралығында 4 мыңнан астам маман білімін шыңдаған. Оның 1300-ден астамы - қазақстандықтар. Ұйымды қаржыландыруға жұмсалған 48 миллион доллардың 20 миллион долларын Қазақстан қосқан. Бұл қаражатты Ұлттық банк құйған. Сенаторлар орталық Алматыда орналасқандықтан, қала экономикасының өсуіне серпін береді деп отыр.
«Биыл шілдеден бастап жаңа бюджетті қалыптастыруға кірісеміз. Өңірлік орталықтың жұмысы өте табысты болғандықтан, қатысушы елдердің қызығушылығы айтарлықтай арта түсті. Сондықтан біз Халықаралық валюта қорына мүше елдерден орталықты қаржыландыруға белсенді қатысуды сұраймыз», – деді ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова.
Қазақстан Түркиямен стратегиялық ықпалдастықты одан әрі нығайтады. Сенат екі елдің әуе кеңістігі арқылы әскери жүк пен жеке құрамды транзитпен тасымалдауға қатысты келісімді ратификациялады. Құжат аясында Қазақстаннан БҰҰ бітімгершілік миссияларына баратын әскери ұшақтар Түркияның аспаны арқылы кедергісіз әрі келісілген ережемен ұша алады. Әскери жүк пен жеке құрамды тасымалдау тек екі елдің тиісті уәкілетті органдарының рұқсатымен және алдын ала келісілген тәртіп бойынша жүзеге асырылады. Жалпы алғанда, құжат мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, транзиттік рәсімдерді қауіпсіз әрі нақты реттейді.
«Рұқсаттарға сұрау салу белгіленген мерзімдерде дипломатиялық арналар арқылы беріледі. Жылдық рұқсат тек әскери-транспорттық авиацияға берілетінін атап өтеміз. Дипломатиялық рұқсаттың бір жылдық нөмірі әскери мүлік пен персонал, сонымен қатар ресми делегациялар, гуманитарлық көмек, оқу-жаттығуларды қамтамасыз ету, дипломатиялық жүк транзиті үшін қолданылады», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі.
Оқи отырыңыз: Қазақстан мен Ресейдің мәдени ынтымақтастығына қатысты жаңа жобалар талқыланды