Алматыдағы оңалту орталығында 15 мыңнан астам балаға көмек көрсетіліп келеді

03.09.2025 16:36

Арнайы қызметкерлер церебралды сал ауруы, аутизмі, психологиялық-сөйлеу дамуының кешеуілдеуі бар балаларды өмірге бейімдейді

Алматыдағы балаларды оңалту орталығына 14 жыл. Қаладағы бұл орталық 2011 жылдан бастап ерекше қажеттілігі бар балаларға көмек көрсетіп келеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Арнайы қызметкерлер церебралды сал ауруы, аутизмі, психологиялық-сөйлеу дамуының кешеуілдеуі және басқа да психоневрологиялық патологиясы бар 15 мыңнан астам баланың өмірге бейімделуіне көмектескен. Онда физио кабинеті, бальнеотерапия, массаж, музыка залы сияқты бөлмелер бар.

«Біз 3 жастан 17 жасқа дейінгі психоневрологиялық бұзылулары бар балаларды қабылдаймыз. Бүгінде орталықта 95 жеткіншек бар. Негізі мекеме 100 балаға арналған. Бізде балалардың оңалып кетуіне барлық жағдай жасалған. 84 маман қызмет етеді. Қажетті құрал жабдықтармен жабдықталған кабинеттер қарастырылған. Аулада әткеншектер, сырғанақтар, арнайы қауіпсіз резеңке жабынмен жабдықталған спорт және волейбол алаңдары бар», – деді Балаларды оңалту орталығының директоры Эльвира Роот.

Орталық қызметкерлері 14 жыл аралығында көптеген балалардың аяққа тұруына сеп болған. Бүгінде туғаннан сал ауруымен ауыратын 12 жастағы Әбдірахманға да көп көмегін тигізді. Мамандардың сөзінше, жеткіншек орталыққа 1 жыл бұрын келген. Бастапқыда жүре алмаған, өзіне киініп-шешіну қиын болған. Сол уақыттың ішінде мекеме қызметкерлері балаға психологиялық көмек көрсетіп, қимыл-қозғалысты үйреткен.

 «25 тамызда келген балам жүріп, бірінші рет басуды үйренді. Психологтары да өте жақсы. Әбдірахман қуана келеді. Бір қолын шешіп, киіп көрсетіп жатыр. Ризамын, үлкен  басыммен осындағыларға басымды ием», – деді Әбдірахманның әжесі Бақытжамал Бейсекенова.

Оқи отырыңыз: Автобусқа жету мұң: Ақтөбе іргесіндегі ауыл тұрғындары медігер жұмысына наразы