Автобусқа жету мұң: Ақтөбе іргесіндегі ауыл тұрғындары медігер жұмысына наразы

Мердігер компания жобадағы 41 көшенің екеуіне ғана асфальт төсеген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Жолдың жыры жауыр болды». Ақтөбе маңындағы Бауырластар-2 ауылының тұрғындары жақын маңдағы автобус аялдамасына жетудің өзі мұңға айналғанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.   

«Шыдамның шегіне жетті» деп шағым айтқан жұрт жұмыс, мектеп пен ауруханаға жету үшін кем дегенде 2-3 шақырым соқпақ жолды жаяу жүруге мәжбүр.

«Сегіз жылдан бері қоғамдық көлік сқрап жүрміз. Бір шақырым жер жаяу жүреміз. Ерекше балам бар, күнде қалаға апаруға міндеттімін. Көшелердің көбінде асфальт төселмеген, жер батпақ, жедел жәрдем көлігі де келе алмайды», – деді Бауырластар-2 ауылының тұрғыны Зәуреш Құлжанова.

 «Асфальт төселген соң, автобус жүретінін айтып, уәде берді. Ақша бюджеттен аударылды. Биыл сәуірде басталған жұмыс, алты ай болды, ештеңе істелген жоқ. Әлі келе жатыр. Мердігер компания басшыларынан сұрасақ «ақша бөлінген жоқ» дейді. Халықтың айтып отырғанының бәрі дұрыс», – деді Бауырластар-2 ауылының тұрғыны Нұртай Ибраимов.

Мердігер компания  жұмысты расымен тоқтатқан. Қазір жобадағы 41 көшенің екеуіне ғана асфальт төселіпті. Жауаптылар бұған битум тапшылығы себеп деп түсіндірді.

 «Битум тапшылығынан зауыттар асфальтты уақытылы дайындай алмайды. Сондықтан кешігіп жатырмыз. Битумды Ресейден сатып аламыз. Ол сапалы. Жолға 7 жылға кепілдік береміз. Ал арзан битум алсақ, бір жылдан кейін жол қайта бүлінеді», – деді мердігер компанияның өкілі Ералхан Дияров.

Айта кетейік, жолдың жайы көршілес жатқан Бауырластар-1 ауылының тұрғындарын да шаршатқан. Десе де, екі елдімекендегі жағдайды реттеу үшін 10 миллиард теңгеден астам ақша бөлінді. Ал әкімдік аталған жоба келер жылы аяқталатынын жеткізді.

Гүлмарал Изатқызы, Нұргүл Тілепова, Айдын Спанов

Оқи отырыңыз: Білім бөліміндегі былық: Түркістан облысында сот үкімі шықты

 

Новости партнеров