Курсанттардың күнделікті өмірі оқушылардың ерекше қызығушылығын тудырды
Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында мектеп оқушыларына арналған Ашық есік күні өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Іс-шараға Медеу, Әуезов және Алатау аудандарына қарасты он тоғыз мектептен 150-ден астам жоғары сынып оқушылары қатысты. Болашақ түлектер жоғары әскери оқу орнының тыныс-тіршілігін өз көздерімен көрді.
Меймандар оқу аудиториялары мен кафедраларды аралап қана қоймай, институттың материалдық-техникалық базасымен жан-жақты танысты. Тренажерлық кешендер мен далалық байланыс тораптарын көріп, технопарктегі ғылыми жобалармен танысты. Сонымен қатар электронды тирде мергендік қабілеттерін сынап, автоматты уақытқа бөлшектеп-жинақтау бойынша да сынаққа түсті.
Курсанттардың күнделікті өмірі оқушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Олар казарманы, асханадағы тамақтану жүйесін көріп, әскери өмірдің ішкі тәртібімен жақынырақ танысты.
Әскери институт бастығы генерал-майор Нұртас Қабақов оқушылармен ашық әңгімелесіп, оқу орнының ғылыми жетістіктері мен курсанттардың спорттағы, білімдегі табыстары туралы айтып берді. Сондай-ақ әскери қызметтің мүмкіндіктері жайлы сұрақтарға жауап берді.
Курсанттар да белсенділік танытты,олар өз тәжірибелерімен бөлісті және таңдаған мамандықтарының ерекшеліктері туралы айтып берді.
— Бізге осы әскери институтта өте қатты ұнады. Мұнда қазіргі заманға сай, сұранысқа ие мамандықтар оқытылады екен. Оқу үрдісі қызықты өтетіні анық. Бұл экскурсия менің болашақ мамандығымды таңдауыма өз әсерін берді, — деді №33 мектеп-лицейінің оқушысы Абдулхафиз Дүйсенбек.
Айта кетейік, мұндай кәсіптік бағдар беру шараларын өткізу аталған институтта дәстүрге айналған. Бұл формат талапкерлерге әскери жоғары оқу орнындағы білім беру ерекшеліктерін жан-жақты түсінуіне мүмкіндік беріп, болашақ мамандықты саналы түрде таңдауға жол ашады.
Оқи отырыңыз: Қажылық сапарға бармақ боллғандардың қаржысын иемденіп кеткен тұрғын сотталды