Алматыдағы жол апаты: Ішкі істер министрі жауаптыларды жұмысынан айырды

27.03.2026 15:33

Тағы бір тәртіп сақшысына қатысты «Әрекетсіздік» фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды

Алматыдағы үш адамның өмірін қиған жол апатынан кейін Ішкі істер министрі жауаптыларды жұмысынан айырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ведомство басшысының бұйрығымен Алматы қаласы Полиция департаменті бастығының сыртқы қызметтер мен жол қауіпсіздігін қадағалайтын орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметтерінен босатылды.

Тағы бір тәртіп сақшысына қатысты «Әрекетсіздік» фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалған.

«Заң бұзушылықтар расталған жағдайда апатқа қатысушылар да, лауазымды тұлғалар да жауапқа тартылады. Ішкі істер министрлігі тарапынан заң және жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу деректері бұған дейін де қатаң түрде тоқтатылып келді. Алдағы уақытта да тоқтатылатын болады. Бұл жұмыс принципті әрі жүйелі түрде жолға қойылған. Заңды қасақана бұзған әрбір адам міндетті түрде жауапкершілікке тартылады», – деді ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев.

Айта кетейік, қайғылы жағдайға себеп болған Zeekr автокөлігін тізгіндеген азамат сот санкциясына сәйкес қамауға алынды. Себебі ол рөлге мас күйде отырған. Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек жантүршігерлік жол апаты жіті тергелуі тиіс деп отыр. Оның айтуынша, жол ережесін бұзатын жүргізушілер рақымшылыққа ілінбеуі тиіс.

«Мен де Алматыдағы Әл-Фараби көшесінде тұрамын. Күн сайын сол көшенің бойымен спорткарлар, қымбат көліктер зуылдап жүретінін көреміз, бірақ ешбіріне айыппұл салынғанын, біреудің сол үшін қызметінен қуылғанын байқамаймыз. Сол себепті Ішкі Істер органдарын  тазарту керек. Бұл тек Ішкі істер департаментіне ғана емес, бүкіл Қазақстанға қатысты. Бұл мәселе бойынша Президентке жүгініп, Ішкі істер министріне жолдағы қауіпсіздікті қамту бойынша нақты тапсырма берілетіндей әрекет етуге дайынбыз», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Бақытжан Базарбек.

Оқи отырыңыз: Жол ережесін елемейтін жүргізушілерге қатысты жауапкершілікті қатаңдату керек - депутат