Алматыдағы жылу электр орталықтары жыл соңында газға ауысады

Құрылыс алаңында іргетасты орнату, су жылыту қазандықтарын монтаждау толық аяқталған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдағы екінші және үшінші жылу электр орталықтары жылдың соңына дейін газға көшеді. Қазір жоба 64 пайызға орындалған. Бұл туралы Алматы электр стансалары құрылыс жобалары департаментінің директоры Андрей Котов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мекеме өкілінің сөзінше, жаңғырту аяқталғаннан кейін атмосфераға бөлінетін зиянды қалдықтар көлемі 13 есеге дейін қысқарады. Сонымен қатар стансаларға орнатылған электр қуаты 510-нан 557 мегаватқа дейін артады.

Айта кетейік, мегаполистегі екінші жылу электр орталығын биыл қыркүйек айында пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Алматының ауасы алдағы уақытта бұрынғыдан да таза бола түседі. Өйткені қала атмосферасын шамамен 18 пайызға дейін ластайтын жылу электр орталықтарын кезең-кезеңімен газға көшіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Бұл бағытта 2024 жылы басталған екінші жылу электр орталығын жаңғырту жобасы 64 пайызға орындалыпты.

Алаңда 1500-ге жуық маман тәулік бойы еңбек етуде. Жауапты мекеме өкілдерінің айтуынша, бұл жерге қажетті жабдықтар сатып алынып, нысан аумағына жеткізілген. Бұл – жұмыстың жоспарға сай жүріп жатқандығының дәлелі.

Құрылыс алаңында іргетасты орнату, су жылыту қазандықтарын монтаждау толық аяқталған. Енді түтін шығаратын құбырларға арналған жабдықтарды жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Алматыдағы екінші жылу электр орталығын жаңғырту жобасы өз мәресіне жетіп қалды. Қазір құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізіп, негізгі технологиялық жабдықтарды орнатып жатырмыз. Бұл – жобаның ең жауапты әрі шешуші сатыларының бірі. 197 күннен кейін стансаны іске қосамыз», – деді «Алматы электр станциялары» Құрылыс жобалары департаментінің директоры Андрей Котов.

Ал Алматы әкімдігінің дерегіне сүйенсек, Екінші жылу электр орталығы жаңғыртудан өткен соң экологиялық ахуал айтарлықтай жақсарады. Атап айтқанда, атмосфераға таралатын зиянды қалдықтар көлемі 13 есеге дейін қысқарып, 37 мың тоннадан небәрі 2,7 мың тоннаға дейін азаяды. Сондай-ақ стансаға орнатылған электр қуаты да артып, 557 мегаватқа дейін ұлғаяды.

«Алматы қаласындағы үшінші жылу электр орталығында қазір заманауи бу газы қондырғысын орнату жобасы жүзеге асырылуда. Жоба толық іске қосылған кезде стансаның электр қуаты 543 мегаваттқа дейін, ал жылу қуаты сағатына 160 гигакалорияға дейін жетеді деп күтілуде. Бұл – өңір үшін аса маңызды көрсеткіштер», – деді Энергетика және сумен жабдықтау басқармасы басшысының орынбасары Әлішер Бекен.

Шаһардағы үшінші жылу электр орталығында да құрылыс қарқынды. Егер жаңғырту 2026 жылы толық аяқталса, атмосфераға бөлінетін зиянды қалдықтар көлемі 88 пайызға дейін қысқарады. Аталған екі жоба да қала тұрғындарын тұрақты жылумен қамтуға мүмкіндік беріп, экологиялық ахуалды жақсартуға оң ықпал етпек.

Мәди Мәлік. Ғани Қалуов

Оқи отырыңыз: Алматыда Шаңырақ күніне орай жас аналарға құрмет көрсетілді

Новости партнеров