Алматыдан Варшаваға тікелей әуе рейсі іске қосылды

Алматыдан Варшаваға тікелей әуе рейсі іске қосылды

Жаңа бағыттың ашылуына орай польшалық туроператорлар мен саяхатшы блогерлерден құралған делегация келді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдан Варшаваға тікелей әуе рейсі іске қосылды. Бұл бағыт жолаушылардың уақытын үнемдеп қана қоймай, Қазақстан мен Польша арасындағы туристік әрі іскерлік байланысты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

 Елімізден Еуропаға тағы бір әуе қақпасы ашылды. Осыған дейін жолаушылар Алматыдан Польшаға жету үшін  бірнеше транзиттік аялдама жасауға мәжбүр болатын. Енді бұл қажеттілік жойылды. Бұдан былай Алматыдан Варшаваға және кері бағытта аптасына төрт рет тікелей рейс қатынайды.

Алматы халықаралық туристік және іскерлік хаб ретіндегі мәртебесін нығайтуды қолға алды. Алматы-Варшава бағыты бойынша жаңа рейсті Польшаның ұлттық әуе тасымалдаушысы LOT Polish Airlines іске қосып, мегаполиске табан тіреді. Бүгін таңғы 8:30-да сол мемлекеттен 198 жолаушы ұшып келді. Оларды әуежай өкілдері бауырсақ, тәттілермен қарсы алып, ұлтымыздың қонақжайлылығын көрсетті. Алты жарым сағат жолды артқа тастаған саяхатшылар мен әуе кемесінің өкілдері бұл ілтипатқа ерекше риза болды.

«Бұл – менің Орталық Азияға, соның ішінде Қазақстанға алғаш рет келуім. Бұл сапардан ерекше әсер аламын деп үміттенемін. Варшавадан Алматыға қатынайтын алғашқы тікелей әуе рейсін таңдағаныма қуаныштымын. Өйткені, бұл бағыт жолаушылар үшін өте қолайлы», – деді турист Доминик Бартницкий.

Жаңа бағыттың ашылуына орай польшалық туроператорлар мен саяхатшы блогерлерден құралған делегация келді. Қонақтар үшін қаланың басты көрікті жерлерін, заманауи туристік инфрақұрылымын, гастрономиялық нысандарын және Іле Алатауындағы демалыс орындарын қамтитын арнайы бағдарлама әзірленген. Сонымен қатар Польша туристік индустриясының өкілдері алматылық туроператорлармен және бизнес қауымдастық мүшелерімен кездесіп, бірлескен жобалар мен болашақ ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылайды.

«Бүгін – біз үшін ерекше әрі маңызды күн. Бұл – Алматы халықаралық әуежайы тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі. Өйткені, жаңа бағыт Қазақстан мен Еуропа арасындағы әуе байланысын одан әрі нығайтады. Біз Варшавадан Алматыға келген LOT Polish Airlines әуе компаниясының алғашқы рейсін үлкен қуанышпен қарсы алдық», – деді Алматы халықаралық әуежайының вице-президенті Онур Шатыр

 «Туристер Қазақстанға саяхаттап келуге көбірек қызығушылық танытуда. Бұл арқылы әсіресе белсенді туризмді дамытуға үлкен мүмкіндік бар. Саяхатшылар Алматыға қонақ боп келіп, біраз өңірді аралап, Қазақстанмен танысып жатыр. Алдағы уақытта бұл қызығушылық одан әрі артып, шетелдік қонақтар саны көбейе түседі деп сенемін», – деді Польша республикасының Алматы қаласындағы бас консулы Дариуш Шевчык.

Халықаралық әуе қатынасын дамыту – Алматы үшін басым бағыттардың бірі. Маршруттық желінің кеңеюі туристер ағынының артуына, халықаралық байланыстардың нығаюына және қаланың Орталық Азиядағы саяхат пен бизнес үшін маңызды бағыттардың бірі ретіндегі беделін арттыруға ықпал етпек.

Айдана Шалқар, Рашиддин Якупов

Оқи отырыңыз: Ұлттық қор – балаларға: Үкімет бағдарламаның 3 жылдағы нәтижесін жариялады

Новости партнеров