Онда 373 өтінімнің ішінен іріктелген 15 технологиялық стартап таныстырылды
Silkway Accelerator халықаралық бағдарламасының жетінші легі алғаш рет Алматы қаласында өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv
Венчурлік инвесторлар мен IT-қоғамдастық өкілдерінің басын біріктірген ашық есік күні Алматы хаб базасында ұйымдастырылды. Онда 373 өтінімнің ішінен іріктелген 15 технологиялық стартап таныстырылды. Қатысушылар өз бастамаларының мақсатын түсіндіріп, жаһандық нарыққа шығу жоспарлары жайында баяндады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, стартап жобалар - өңірдегі экожүйені нығайтып қана қоймай, тұтас елдің цифрлық экономикасының тұрақты дамуына үлес қосады.
«Стартап жобалардың көбі жасанды интеллектіге негізделген. Өйткені қазір цифрлық технология қарқынды дамып жатыр. Соның ішінде шетелдік 8 жоба алдағы уақытта Алматы қаласында жүзеге асады деген жоспар бар. Бастама авторлары мегаполисте өз компанияларын ашып, Astana Hub қатысушыларының біріне айналмақ. Бұл қала экономикасына үлкен инвестиция алып келеді», – деді Almaty Hub директоры Аида Дусова
Айта кетейік, биыл бағдарламаға Қазақстан, Моңғолия, Әзербайжан, Грузия, Тәжікстан және Өзбекстан елдерінің азаматтары қатысып жатыр. Бастама аясында олар халықаралық сарапшылар мен менторлардан қолдау алып, даму стратегиясын әзірлейді. Сондай IT-жобалардың бірі – адамдарға онлайн психологиялық қолдау көрсететін қосымша. Оны бүгінге дейін 12 мыңнан аса пациент қолданып үлгерген.
«Silkway Accelerator бағдарламасына қатысудағы басты мақсатымыз – IT-жобамыздың көкжиегін кеңейтіп, оны әлемдік нарыққа шығару. Бұл бағытта халықаралық сарапшылар өз тәжірибесін бөлісіп, бағыт-бағдар береді. Ал венчурлық инвесторлар қаржылай қолдау көрсетеді деп сенеміз. Қазірдің өзінде біздің жоба жоғары сұранысқа ие. Тек Қазақстандық емес, Қырғызстан мен Өзбекстандық тұтынушылар да қосымшаны пайдаланады», – деді менталды саулық платформасының негізін қалаушы Алан Ибраим.
Оқи отырыңыз: Түлектерге кәсіптік бағдар: Медеу ауданында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті