Мегаполис халықаралық туризмнің басты орталығына айналып келеді
Алматыға былтыр 750 мыңнан астам шетелдік саяхатшы келген. Ал оңтүстік астананың ішкі туризм көрсеткіші 1 млн 700 мың адамға жетіпті. Бұл туралы «Алматыдағы туризм 2025» есеп беру жиынында белгілі болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Іс-шарада халықаралық төлем жүйелерінің бірі жүргізген анонимдік транзакциялық деректер мен аналитикалық платформа негізінде әзірленген мәліметтер талданды. Жиналғандар шаһардың туризм саласындағы көрсеткіштерін бөлісті.
Ақпаратқа сәйкес, есепке алынған Үндістан, Қытай, Қатар, Ұлыбритания мен Италия секілді 15 елден келген шетелдіктердің жалпы қаржылай шығыны 40%-ға өскен. Елдегі басқа қалаларға қарағанда, Алматы демалыс және экотуризм орталығы ретінде өз позициясын қарқынды нығайтып келеді. Қызығушылық әсіресе Азияның алпауыт елдерінен артқан.
“Кейінгі уақытта Азия елдерінен келетін туристер ағыны айтарлықтай артты. Әсіресе, Қытайдан келетіндер көп. Бұл үрдіс өткен жылы анық байқалды. Үкімет тарапынан қабылданған бастамалар, соның ішінде Қытаймен визасыз режимнің енгізілуі жақсы нәтиже беріп, туристер санының артуына ықпал етті”, - деді компанияның Қазақстандағы және Орталық Азиядағы бас директоры Санжар Жамалов.
Жалпы, соңғы 5 жылда әрбір екінші адамның демалу бағыты оңтүстік астанаға түскен. Әсіресе, алматылық «Қайрат» пен Мадридтік «Реал» футбол клубтары арасындағы кездесу кезінде халықаралық төлем жүйесіндегі белсенділік 16%-ға артқан. Бұдан бөлек, танымал әлемдік жұлдыздардың концерттерінде де туристер ағыны көбейіп, олардың қаражаты қала экономикасына түскен. Сонымен қатар, Алматы негізгі серіктес нарықтар үшін маңызды экономикалық орталық алаңына айналыпты.
“Алматы қаласын ілгерілету барысында біз үш негізгі бағытқа басымдық береміз: табиғат, қаланың ерекше атмосферасы және гастрономия. Яғни, туристер осының бәріне бір жерде қол жеткізе алады. Бұл ретте мәдени туризмнің рөлі өте зор. Оған шаһарда өтетін конференциялар, концерттер және спорттық іс-шаралар жатады. Біз олардың тиімділігін төлем транзакциялары арқылы бағамдаймыз. Яғни, бұл – қалаға келіп, нақты қаражат жұмсаған туристердің көрсеткіші”, - деді Туризм басқармасының басшысы Ғалия Тоқсейітоа.
Айта кетейік, биыл Алматыда халықаралық аудиторияны тартуға бағытталған бірқатар ірі іс-шара жоспарланған. Қатарында SOLΛNA фестивалі, Cirque du Soleil гастрольдері, Satisfaction Fest және Park Live музыкалық фестивальдері бар. Сонымен қатар, Ricky Martin, Enrique Iglesias секілді әлемдік жұлдыздардың концерттері өтеді деп күтілуде. Аталған іс-шаралар туристер санын арттырып, қала экономикасына оң әсерін тигізеді деп болжануда.
Олжас Омарбек, Ханкелді Ахметханов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Петропавл тұрғындары шұңқырға толы жолдың жағдайын айтып, шағымданды