Алматылық ардагерлер бірлестігінің жаңа құрамы құрылды

Күн тәртібінде жаңа басшылықты, тексеру комиссиясын және республикалық съез делегаттарын сайлау мәселелері қаралды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылық ардагерлер бірлестігінің жаңа құрамы жасақталды. Аталған ұйым зейнет жасындағы тұрғындарға көрсетілетін қолдауға тікелей әсер етеді. Бүгін мегаполисте есеп беру - сайлау конференциясы өтіп, оған қоғамға бей-жай қарамайтын азаматтар мен жергілікті билік өкілдері қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Конференцияға қаланың түкпір-түкпірінен қатысушылар жиналған. Күн тәртібінде жаңа басшылықты, тексеру комиссиясын және республикалық съез делегаттарын сайлау мәселелері қаралды. Әуелі бірлестік төрағасы Ақан Бижанов сөз алып, баяндама жасады. Оның айтуынша, соңғы бес жылда ұйым ардагерлердің қала өміріне қатысуына мол мүмкіндік жасаған. Осы уақыт ішінде бірқатар маңызды отырыс өтіп, онда әлеуметтік қолдау, қарттарды белсенді өмірге тарту мәселелері талқыланыпты.

«Алматының бюджеті ел бюджетінің 10 пайыздан астамын құрайды. Алматы – Қазақстанның ең үлкен қаласы. Орта Азиядағы ең ірі қалалардың бірі,  бюджеті жағынан да, мүмкіндігі жағынан да әлеуеті ең жоғары деп айтсам, артық айтқаным болмас. Бұндай қаланы жасаған, осындай жағдайға жеткізген – өздеріңіз. Сіздердің тапжылмай еткен еңбектің жемісі деп айтар едім», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов.

Алматыда 264 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Олардың қатарында Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері, қуғын-сүргін құрбандары да бар. Дәл осы азаматтар үшін қолдау жүйесі құрылып, одан әрі дамып келеді. Ал соған күш біріктіріп атсалысатын бірлестікке мүше азаматтардың саны соңғы 5 жылда 34 мыңға артқан. Бұл аталған ұйымның маңызы артып келе жатқанын көрсетеді.

«Мемлекет ардагерлер мен зейнеткерлердің дамуына, оларға жайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөледі. Мәселен, өткен жылы Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 80 жылдығына орай барлық ардагерлерге 5 миллион теңгеден берілді. Ал тыл еңбеккерлеріне 100 мың теңгеден табысталды», – деді қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақан Бижанов.

Одан бөлек, шаһарда зейнеткерлер үшін 20 белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс істейді. Мұнда қарттарға әлеуметтік қызметтер көрсетіліп, мәдени және спорттық іс-шараларға қатысуға жағдай жасалған. Сондай-ақ қала бойынша 17 мың қарт адамға материалдық көмек көрсетіледі. Ал мүгедектігі бар азаматтарға шипажайда емделу құнының тек 25 пайызын төлеу қарастырылған. Сонымен қатар мегаполисте 45 шығармашылық ұжым жұмыс істейді, оған қоса жыл сайын шамамен 10 мың зейнеткер спорттық іс-шараларға қатысады. Қазір мұндай орталықтардың санын көбейту мәселесі қарастырылып жатыр, себебі оларға сұраныс артып келеді.

Гүлмарал Изатқызы, Владислав Иващенко, Ернат Болатбек

Оқи отырыңыз: Енді иті адам қапса, иесі айыппұл арқалайды

 

 

 

 

 

Новости партнеров