Енді иті адам қапса, иесі айыппұл арқалайды

Мәжіліс иесіз иттерді бақылау үшін арнайы заңға өзгерістер мен толықтырулар әзірледі

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Соңғы бір жылда 41 мыңнан аса адамды ит қапқан. Мұндай деректі депутат Еділ Жаңбыршин айтты. Сөзінше, оның ішінде 23 мың 134 адам бұралқылардың шабуылынан зардап шеккен. Бүгін Мәжіліс иесіз иттерді бақылау үшін арнайы заңға өзгерістер мен толықтырулар әзірледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Депутаттар өңірлерді аралағанда тұрғындар бұралқы иттердің көбейгенін көп айтып, мәселені шешуді сұрайды. Соңғы бір жылда төртаяқтылар 23 мыңнан астам адамға шабуылдапты. Орал қаласының тұрғыны Мұхтар Өтесов шаһар көшесінде иесіз, бұралқы иттердің топтасып жүретінін айтады. Азамат бала-шаға үшін қатты алаңдайды. Сөзінше, біраз уақыт бұрын мектепке бара жатқан бүлдіршіндерге бір топ ит тап берген. Абырой болғанда жақын маңда құрылыс жүргізіп жатқан жұмысшылар арашалап қалған. Мұхтар Өтесов жауаптылар мәселеге назар аударғанан қалайды.

«Иті барлар әрқайсысына чип салып, паспорт алу керек. Итті баққың келе ме уколын сал, ауруын емде, қолыңа ұстап жүр, үйшігін ал. Итке де адамның досы ретінде қара. Бірақ оны тамақсыз қоя береді», -деді Орал қаласының тұрғыны Мұхтар Өтесов7

 Мәжіліс иесіз иттерді бақылау үшін арнайы заңға өзгерістер мен толықтырулар әзірледі. Депутаттар бұралқы иттерді ұстап, вакцинасын салып, залалсыздандырып қайта жіберудің орнына оларды қайтарымсыз аулау тәсіліне көшуді ұсынып отыр. Бұл қоғамдық қауіпсіздікті күшейтеді дейді. Халықаралық тәжірибе екен. Сондай-ақ ауланған иттерді ұстау мерзімі өзгереді. Еділ Жаңбыршиннің сөзінше, төртаяқтылар уақытша ұстау орталықтарына жеткізіліп, ол жерде олар 5 күн бойы болады. Егер осы аралықта иесі табылмаса, ары қарайғы тағдырын мәслихат шешеді. Ал иесі бар, алайда қараусыз қалған жануарлар арнайы орталықта 60 күн болады.

«Бес күннің ішінде оны алып кетуге болады. Жаңа қожайыны келуге болады. Бірақ олар өз есебінен сол жерде вакцинация немесе стерилизация, кастрация жасау керек. Чип салуы керек. Содан кейін алып кете алады. Ал ешкңм алмаса,  5 күннен кейін итті эвтаназияға жіберу керек. Егер де мәслихат басқа шешім қабылдамаса, оларға мүмкіндік беріп отырмыз», - деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин.

Еділ Жаңбыршин ауланған иттерге жаппай эвтаназия жасалмайды дейді. Егер жергілікті жердің бюджеті жетсе, жануарды орталықта өмір бойына күтіп-бағып ұстауға болады деп отыр. Сондай-ақ депутат иттер мен мысықтарға міндетті түрде чиптеу енгізілетінін де жеткізді. Ал бұл талаптың орындалуын учаскелік полицейлер тексереді. Яғни, олар әрбір есікті қағып, жануарларды тексере алады. Егер чипсіз болса, иесіне есерту беріледі. Бір айдан кейін талап орындалмаса, айыппұл салынады.

«Егер үшінші рет барған уақытта ол чиптемесе, айыппұл саналып, ол мүлік, ол мүлік қой. Оның иесі жоқ. Біз заңға жазып қойдық. Егер чип болмаса, ол бұралқы, иесіз деп есептеледі. Сондықтан оны конфискация жасайды. Сондықтан бір жағынан олардың жауапкершілігін де қарастырып жатырмыз, екінші жағынан қадағалау функцияларын да күшейтіп отырмыз», деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин.

Егер итке таланған адамның денсаулығына зиян келсе немесе қайтыс болған жағдайда жануардың иесіне 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Ал,лауазымды тұлға 200, заңды тұлға 300 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жауапкершілік арқалайды.

«Біз осы заңға нақтылап жазып қойдық, егер біреудің иті зиян келтіретін болса, денсаулығына байланысты шығынды толық өтейді. Екіншіден, сол агрессия көрсеткен итіне апарып эвтанаизия жасауға міндетті. Үшіншіден, өзіне салынатын айыппұлды Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінде көрсеттік. Оны белгілеп қойдық. Одан кейін Азаматтық кодекстің қатынасымен ары қарай реттеледі», деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Ерболат Сатыбалды.

Жануарларға қатігездік танытып, ұрып-соғып, қорлағандар да жазасыз қалмайды. Қолданыстағы заңға сай олар 30 күнге дейін бас бостандығынан айырылатын болса, енді алты айға дейін сотталады. Ал өлтірсе 5 жылға дейін темір торға қамалады. Сонымен, отырысқа қатысқан 93 депутаттың 86-сы құжатты қолдаса, төртеуі қалыс қалып, үшеуі қарсы шықты. Құжат бірінші оқылымнан кейін Сенатқа жолданды.

Астанадан Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген

Оқи отырыңыз: Психологиялық қызмет туралы заң қабылданды

Новости партнеров